2 қарашада Семей қалалық Мәдениет сарайында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні мерекесіне орай, салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Ең жауапты мамандық өкілдеріне медальдар мен грамоталар табысталып, қажырлы еңбегі үшін алғыс айтылды.
Іс-шараға облыстағы әлеуметтік қорғау саласының 300-ден астам қызметкері, облыстық департаменттер мен басқармалардың өкілдері қатысты.
Өңірдің әлеуметтік жүйесінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарда 2700-ден астам адам жұмыс істейді. Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, ардагерлерге, мүгедектігі бар азаматтарға және әлеуметтік қорғалмаған 180 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді.
— Әлеуметтік қорғау жүйесі — үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілік пен адами қасиеттерді талап ететін көп қырлы сала. Күн сайын сіздер адамзат мейірімін күтетін жандардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, өз міндеттеріңізді жауапкершілікпен орындап келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіздің лайықты деңгейде қолдауға мемлекет тарапынан жүйелі жұмыс жалғасуда, — деді облыс әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев өзінің құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар, әлеуметтік қорғау саласындағы көп жылғы еңбегі үшін мамандарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ведомстволық наградаларын және облыс әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Ауданымыздың әлеуметтік сала мамандары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің грамоталарымен Мансап орталығының директоры Ж. Бексатов, Мансап орталығының маманы А. Иванова, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Г. Шевелева, әлеуметтік қызметкер Т. Ахметвакиева, сондай-ақ облыс әкімінің грамотасымен Бородулиха арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталық директоры М. Айылбаев марапатталды.
Сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен мемлекеттік грант иегерлерінің жұмыстары көрсетілген қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.
Сұлтан ИБРАГИМОВ