Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Бородулиха ауданының Новая Шульба ауылында тұрғындар көптен күткен дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа амбулатория ауыл халқының сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін айтарлықтай арттырары анық.
Медициналық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Айдар Ибраев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов, дербес бөлім басшылары, ақ халатты абзал жандар, аудан тұрғындары қатысты.
Бұл нысанның ауылдық денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңыздылығын атап өткен Айдар Маратұлы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан жандарға кәсіби шеберліктері мен медицина саласын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс айтты.
Нысан құрылысы ағымдағы жылдың маусым айынан бастап жүргізілген. Амбулаторияда емшара қабылдау мен физиотерапия кабинеттері және дәріхана бар. Бір мезетте 25 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Жалпы, медициналық нысан заманауи стандарттарға сай келеді. Қажетті кабинеттер мен алғашқы медициналық көмек көрсету қарастырылған. Сонымен бірге, су құбыры, жылу желілері тартылып, электрмен жабдықталған, пандустар орнатылған.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»