Адам баласының өміріндегі ең асыл құндылықтың бірі — денсаулық. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы ақ халатты абзал жандарды халқымыз ерекше қастерлеп, құрметтеген. Қастерлі мамандықты меңгеріп, жауапкершілігі зор жолды таңдаған жандардың бірі – Бородулиха аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айжан Буданова.
Айжан Амангелдіқызы 1985 жылы Семей облысында туған. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған ару мектепті бітірген соң медицина мамандығын таңдаған. Ол Семей мемлекеттік медицина университетінде білім алып, терапия бағыты бойынша интернатураны табысты аяқтады.
Еңбек жолын 2010 жылы Бородулиха ауданына қарасты Новопокровка дәрігерлік амбулаториясынан бастаған ол аз уақыттың ішінде өз ісінің шебері атанып, аудандық ауруханаға ауысты. Бүгінде осы мекемеде бас дәрігердің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Айжан Амангеліқызы үшін медицина саласы мамандығы ғана емес, өмірлік миссиясы. Оның бойындағы ізгілік пен мейірім, кәсіби жауапкершілік оны әріптестері арасында да, науқастар арасында да ерекше сыйлы етеді. Әр науқастың тағдырына жауапкершілікпен қарайтын білікті маман үшін үнемі ізденіс үстінде болу – кәсіби ұстанымы.
-Адалдық, жауапкершілік пен адамгершілік – медицина қызметкерінің басты қасиеттері болуы тиіс,- дейді кейіпкеріміз.
«Денсаулық — ең үлкен байлық» деген өмірлік қағиданы ұстанатын Айжан Амангельдыевна әрбір адамды өз денсаулығына мұқият қарауға, уақтылы тексеруден өтуге, дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстауға шақырады. Оның айтуынша,
-Соңғы жылдары қоғамда жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті мен тыныс жолдарының сырқаттары жиілеп кетті. Дегенмен, ауданымыздағы медициналық қызмет сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Бұған дәлел — заманауи технологиялардың енгізілуі, жас кадрлардың келуі, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасының артуы. Ең бастысы — әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Кез келген дертті ерте анықтау — сәтті емделудің басты кепілі,- дейді Айжан Буданова.
Әріптестері Айжан Амангелдіқызының біліктілігін, тиянақтылығын және адамгершілігін жоғары бағалайды. Ұжым ықыласына бөленген кейіпкеріміз үнемі аға ұрпаққа құрме көрсетіп, жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағдар береді.
Бас дәрігердің орынбасары қызметін атқару – үлкен мақтаныш әрі зор жауапкершілік. Өзіне сеніп тапсырылған қызметті абыроймен атқарып жүрген білікті маман отбасында аяулы жар, асыл ана.
Міне, осындай өз ісіне шынайы берілген, жүрегі жылы, мінезі байсалды жанның арқасында бүгінгі қоғамда шынайы жанашырлық пен кәсіби адалдықтың туы биік көтеріліп тұр.
-Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Дәрігер – адам жанының арашасы, адам жанының зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сол себепті де, құрметті дәрігерлер, сіздерге сарқылмас қайрат пен еңбектің адал жемісін тілеймін! Адам жанын арашалауда, кәсібі біліктілік пен асқан жауапкершілігіңізді көрсете отырып халықтың алғысна бөлене бергейсіздер,- дейді А.Буданова.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»