Абай облысының әкімі Н.Ұранхаевтың төрағалығымен жергілікті бюджет жоспарын орындау, уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл және салықтық әкімшілендіру міндеттерін шешу мәселелеріне арналған отырыс болып өтті.
Жиын барысында Абай облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров баяндама жасады. Ол өз сөзінде ағымдағы жылдың 11 айында жергілікті бюджетке 102,1 млрд теңге мөлшерінде белгіленген түсімдер жоспары 6,5 млрд теңгеге асыра орындалғанын атап өтті. Күтілетін түсімдер 108,6 млрд теңгені құрап, 106 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 22 млрд теңгеге артық, бұл 125 пайыз өсімді көрсетеді. Жалпы 114,3 млрд теңге деңгейінде бекітілген жылдық жоспар жыл ішінде 127,4% — ға дейін ұлғайтылды.
Бүгінде өңірімізде жалпыға бірдей декларациялау іс-шарасы белсенді түрде жүргізілуде. Бұл кірістердің ашықтығын арттыруға және көлеңкелі экономикаға қарсы күресте мейлінше тиімді шара.
Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жұмыс істеуге ерекше назар аударылуда. Олардың арасында тұрғын үйді жалға алу, жолаушылар тасымалы, іс-шараларды ұйымдастыру және блогер ретінде жұмыс істеу сияқты ең танымал қызмет түрлері бар. Алайда, бұл азаматтардың едәуір бөлігі әлі күнге дейін салық төлеуден тыс қалып келеді. Бұл — бюджетті толықтыру мүмкіндігін шектейді.
Биылғы жазда Алакөл көлінің жағалауында 223 демалыс базасы мен түрлі бизнес нысандары жұмыс істеген болатын. Өткен жылы осы субъектілерден түскен түсімдер 160,5 млн теңгені құраған еді. Оның 89,3 млн теңгесі демалыс базаларына тиесілі. Биылғы жылы түсімдер 210 млн теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Жалпы, туристерге қызмет көрсетуді жақсарту үшін ағымдағы жылдың жазында көл жағалауындағы нысандар тексерілген болатын. Оның барысында POS-терминалдарды пайдалану ережелері түсіндірілді.
Тағы бір мәлімет тамыз айында басталған «Salyq кэшбэк» жобасы аясында есепке алынған чектер саны 257 пайызға ұлғайды. Бұл шара өз кезегінде 1 млрд теңге мөлшеріндегі қосымша түсімдердің орын алуына мүмкіндік берді.
Отырысты қорытындылай келе аймақ басшысы Нұрлан Телманұлы өңірдегі салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру үшін жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сол тәрізді Алакөл жағалауындағы кәсіпкерлік қызметті бақылауға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ алдағы уақытта құрамына атқарушы органдардың, салық құрылымдарының және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері кіретін жұмыс тобын құру жоспарлануда.
Айкөркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»