Астанада Абай облысының тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Семей қаласы, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Ақсуат, Үржар және Жаңасемей ауданының тауар өндірушілері қатысады. Шаруалар жәрмеңкеде 230 тоннадан астам өнімдерді нарық бағасынан төмен бағамен саудалады.
Жәрмеңке сөресіне ет, күріш, балық, көкөністер мен жемістер, өсімдік майы, сүт өнімдері, бал, қымыз, шұжық, бақша өнімдері, ас тұзы, сондай-ақ сүт және кондитерлік өнімдер қойылды.
Жәрмеңкені облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев аралап, өнімін саудалаушы шаруа және сатып алушылармен тілдесті. Кәсіпкерлер аймақ басшысына өнімдерін астаналық тұтынушыларға делдалсыз саудалауға мүмкіндік жасағаны, ал жәрмеңкеге келушілер таза, табиғи өнім үшін ризашылықтарын жеткізді.
Өңіріміздің ауылшаруашылық өнімдері үлкен сұранысқа ие және сапасы жоғары. Өндірушілер ассортиментінде ет және сүт өнімдерінің, кондитерлік өнімдердің, балдың және ұлттық тағамдардың 20-дан астам түрі болды. Бұл жәрмеңкеге Бородулиха ауданының шаруалары 230 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін ұсынды. Ауылдың таза, табиғи өнімдері астаналықтардың сұранысына ие болып, сауда сәтті өтті.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»