Елімізде өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне жүйелі түрде көңіл бөлініп, нақты қадамдардың жасалып жатқаны көз қуантады. Бородулиха – шекаралық аудан. Өңір халқы «Шекараны бүкіл ел қорғайды» қағидасымен етене таныс. Өлкеде дүниеге келген жасөспірімдердің арасынан шекарашыларға қарап бой түзеп, Отан қорғаушы мамандығын таңдағандар аз емес.
Отан қорғаушылар күніне орай Қызыл ауыл шекара бөлімшесінде Коростелев және Бел-Ағаш орта мектептерінің оқушыларына арналған танымдық іс-шара өтті.
Шара барысында оқушылар шекара бөлімшесін аралап, ел шебін көздерінің қарашығындай күзетіп жүрген Отан оғландарымен сұхбаттасты, әскери қызметшілердің тағылымды әңгімесін тыңдады, шекарашылардың күнделікті өмірі туралы білді, сондай-ақ бөлімше жұмысы жайлы ақпарат алды.
Мұндай кездесулер өскелең ұрпақты отанды сүюге, Отан қорғаушыларды құрметтеуге шақырып, өз еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастырады.
— Білім жүйесінде басты назар аударатын, тәрбие салаларының бірі – отансүйгіштік тәрбие. Ұлттық дәстүрге берік, елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеу, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру – уақыт талабы. Қазіргі таңда біздің қоғамда «қазақстандық отансүйгіштік» ұғымына зор мән берілуде. Мемлекетіміздің келешек тұтқасын ұстайтын жастарды осы бастан Отанына, атамекеніне шын берілгендік рухында тәрбиелеу басты борышымыз. Қазіргі таңда жалпы білім беру мекемелерінде оқитын оқушыларға тәрбие беру мәселесіне жаңа көзқарас тұрғысынан қарау керек. Бүгінгі оқушы – ертеңгі Отан қорғаушы. Расында оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, бойында патриотизмді қалыптастыру мектеп қабырғасынан бастау алады. Сондықтан осындай шараларға оқушыларды жиі қатыстырып, оларға әскери борыштың маңыздылығын ерте жастан түсіндіру маңызды, — дейді Бел-Ағаш орта мектебінің алғақшы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Дәулет Моллахметұлы.
Айкөркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»