Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның мерейлі белесін мерекелеу аясында, Алғыс айту күніне орай, Бородулиха ауданында бірқатар іс-шаралар өтті.
Аудан әкімдігінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелге аудан басшылығы, аудандық Достық үйінің ұжымы, Аналар кеңесінің мүшелері, дін өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сапоров Алғыс айту күні мейірімділік пен бірліктің мерекесі екенін айтты.
— Бұл — тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің бүгінде құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жеріне тағзым етіп, қазақ халқына алғысын білдіретін күн. Қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының кең пейілі мен қайырымдылығының арқасында аман қалып, өсіп-өркендеді. Бүгінгі таңда Қазақстанды өз Отаны санап, ел дамуына үлес қосуда. Биыл тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Елімізде 120-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ал біздің ауданымызда 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері баянды өмір сүріп жатыр. Олардың тілі мен дінін, мәдениетін сақтауға барлық мүмкіндік жасалуда. Бірлік пен татулық, ынтымақ елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты құндылығы,- деп атап өтті Қайрат Сапоров.
Ассамблея ел бірлігін нығайтудағы маңызды институт десек, Достық үйлері жалпыұлттық ықпалдастық үшін қажетті орталыққа әрі Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналды. Бородулиха аудандық Достық үйі татулықты нығайтып, халықтар бірлігін сақтауға үлес қосып отыр. Мұнда 7 этно-мәдени бірлестік пен Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, «Ассамблея жастары» жастар қозғалысы мен ерікті жастар орталығы жұмыс істейді.
Достық үйінің директоры Александра Шпилькина халықтар достығын нығайтуда салт-дәстүрлердің рөлі зор екенін атап өтті. Аналар кеңесінің төрайымы Мағруфа Жүнісова отбасылық құндылықтар мен олардың жастар тәрбиесіне әсері туралы айтты. Ел болашағы бәсекеге қабілетті, тәрбиелі жастардың қолында екенін тілге тиек еткен Мағруфа Жүнісова бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі мен ұлттық дәстүрлердің маңыздылығына тоқталды.
Дін мен дәстүр – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі. Тарихымызға көз жүгіртсек, дәстүріміз әрдайым дінмен астасып, ұрпақтан-ұрпаққа рухани тәрбие беріп отырған. Бородулиха ауданы орталық мешітінің бас имамы Әріпжан Қожанұлы исламдағы дәстүрлер мен діни мерекелердің елдің мәдени өміріне әсері туралы сөз етті.
Кездесу соңында белсенді азаматтар аудан әкімі орынбасарының атынан бірлік пен тарихи жадыны сақтау ісіне қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталды.
Осы күні мерекеге орай Денсаулық күні өтіп, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Ауданда тұрып жатқан этнос өкілдерінің бірлігін, ынтымағын нығайтуға бағытталған іс-шараларға — қызықты эстафеталар мен жарыстарға тұрғындар, жасына, ұлты мен ұлысына қарамастан, белсене қатысты.
Мереке аясында Бородулиха ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 2015 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында Абай облысының ашық футзал біріншілігі өтті. Жарысқа Курчатов қаласының, Бесқарағай, Жарма, Абай және Бородулиха аудандарының командалары қатысты.
Алғыс айту күнінде аудандық аурухананың перзентханасында Бородулиха ауылдық округінің Аналар кеңесінің төрағасы М. Насриева демеушілердің көмегімен жаңа туған нәрестелерге естелік сыйлықтар табыстады.
Ауылдық округтерде «Мейірімді жүрек» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмек көрсетілді. Әрбір мектеп, мекемелерде Алғыс айту күні кең көлемде аталып өтіп, халықтар достығы насихатталды.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»