Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағында «Алтын күз» тақырыбында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Баршамызға белгілі, күз маусымында Жер ананың адам баласына ұсынар мол ырыс-несібесі диқандардың таңның атысы, күннің батысы тынбай еңбек етуінің арқасында қамбаға құйылады. Сондықтан да астық пісіп, оны шашпай-төкпей жинап алу ісі дәл осы күз айларында жүзеге асатындықтан, осы маусымға халқымыз «Алтын күз» деп айдар таққан.
Бұл мезгілде халық несібесі, ел ырзығы ғана жиналып қоймайды, сондай-ақ оның осы кезеңде ұрпақты еңбекке, отансүйгіштікке баулу, табиғатты тану, Жер ананың қасиетін білу және басқа да игі істер негізінде тәрбиелеу ісінде орны айқындала түседі.
Мәселен, жыл сайын мол байлығын ұсынар күз маусымы келгенде мектептер, балабақшалар тақырыпқа сәйкес безендіріліп, осы бағыттағы түрлі танымдық-мерекелік шаралар тәрбиелік мәні зор құралға айналады.
Жақында аудандық «Балдәурен» балабақшасындағы «Ромашка» тобында «Алтын күз» мерекесі аталып өтті. Аталған іс-шараға балғындармен бірге, балабақша ұжымы да қатысты. Бұл іс-шараның мақсаты – табиғаттың күз мезгіліндегі өзгерістері жайлы балалардың білімдерін кеңейту, күз мезгілінің берекесі туралы балаларға түсінік беріп, оларды еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Мерекеге балалар үлкен дайындықпен келіпті. Кішкентай бүлдіршіндер тәрбиеші жасырған жұмбақты шешіп, ортаға кеш қонағы саналатын «Алтын күзді» шақырды. Бүлдіршіндер кейіпкерге арнап ән салып, би билеп, күз туралы өлеңдер оқып, мерекенің мазмұнын аша түсті. Сонымен қатар олар түрлі ойындар ойнады. Осылайша, біраз уақытқа созылған «Алтын күз» мерекесі де өз мәресіне жетті.
«Ұзақ жылдар білім беру, жастар тәрбиесі саласында бар қажыр-қайратын жұмсап еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандардың айтуынша, «Балдәурен» балабақшасының ұжымы балаларды жақсылыққа үндеу, игі істерге баулу бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыру барысында еліміз үшін маңызы зор атаулы күндердің, түрлі мерекелердің мән-маңызын ашып көрсете отырып, оларды тиімді пайдалануға басымдық береді.
«Күз мезгілінің халық үшін қашанда маңызы зор. Оның артықшылықтарын айтып тауыса алмайсыз. Біз күз маусымы келген сайын балаларға оның мән-маңызын, ырзық-несібесін түсіндіру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мұндай іс-шаралар аясында балалар өздеріне ұнайтын жеміс-жидектер, дәнді дақылдар, көкөністер бейнеленген немесе соларға ұқсастырыла тігілген киімдер киіп, тақпақтар айтып, қойылымдар көрсетеді. Бұл өз кезегінде жас өскіннің өз туған жерінің қасиетін ұғынуға, табиғатты сүюді үйренуге көмектеседі», – дейді «Ромашка» тобының тәрбиешілері.
Барлық ата-ана осындай көңілді кеште балапандарға ән салып, би билеуді талмай үйретіп келе жатқан тәрбиешілерге ризашылықтарын білдірді. Жыл мезгілдері бірінен соң бірі алма-кезек айналып келіп отырады. Ендеше, әрбір жыл мезгілі баршамызға қуаныш пен шаттық сыйласын. Егемен еліміздің болашақ азаматтары саналатын балапандарымыз әрдайым нұрлы шуаққа бөлене берсін!
Серік Орынханов