Жуырда Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында джиу-джитсуден Азия чемпионаты өтті. Чемпионатқа елімізден 300-ге жуық спортшы қатысты, олардың ішінде Бородулиха ауданының жас спортшысы Ринат Қалиғазы да бар.
Ринат Қалиғазы Азия чемпионатынан жүлдемен оралды. 2009 жылы өмірге келген Ринат Орловка ауылында тұрады. Ол Жезкент кентіндегі AS MANSUR TEAM клубында жаттығады. Жаттықтырушысы Жанарбек Асылбекұлының айтуынша, осы уақыт аралығында жас спортшы ел чемпионатында екі рет қола жүлдеге, бір рет күміс жүлдеге ие болған. Биыл Қазақстан құрама командасына еніпті.
— Жезкент кентінде осы өңірдің балаларын жаттықтырып жүргеніме үш жарым жыл болды. Осы кезеңде клубымыздан әлем чемпионатының 6 қола медаль иегері, 1 әлем чемпионы және 1 Азия чемпионатының қола медаль иегері шықты. Клубта 90 бала жаттығады. Әлі талай чемпион шығатынына сенімдіміз. Ринат Қалиғазы — болашағынан үміт күттіретін спортшыларымыздың бірі. Жуырда Азия чемпионатынан жүлдемен оралды. Ринат өте еңбекқор, намысшыл. Бұл қасиеттері оны жетістікке жетелейді,- дейді Жанарбек Асылбекұлы.
Байрақты бәсекеде 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында 52 келі салмақ дәрежесінде күрескен Ринат Тайландтың спортшысымен бақ сынасып, жеңіске жетті. Екінші айналымда Монғолия спортшысымен, үшінші орын үшін Қырғызстан спортшысымен кездесті. Аядай ауылдан шыққан дарынды спортшы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алып, ауданның ғана емес, облысымыздың, тіпті еліміздің абыройын асқақтатып қайтты.
Жуырда елге жеңіспен оралған Ринатпен кездесу ұйымдастырылып, кент басшылығы мен ауылдастары құрмет көрсетті. Кент әкімі Медет Жайдарбеков Ринатқа алғыс хат пен сыйлық табыстап, жеңіс тұғырынан түспей, биік белестерді бағындыра беруін тіледі.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»