«Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Бүгін ауданымыздың жастар саясатының дамуына тағы бір қадам жасалды десек болады. Жастар саясаты – аясы ауқымды, мағынасы мәнді ұғым. Егер тереңінен үңілсек, бүгінгі аға буынның ертеңгі арқасүйері – жастар.
9 тамыз күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Бородулиха ауданы жастар мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы С.Т. Урашева және аудан әкімнің орынбасары М.Е. Табылдин өткізді. Олар жас депутаттарға куәлік пен төсбелгілерін табыстап, ел болашағы білімді, жасампаз, мақсатты азаматтардың қолында болғандықтан, жастар мәселесін шешуде өздерінің белсенді азаматтық ұстанымын көбірек көрсетуге тілек білдірді.
Жастар мәслихаты өз ұрпағының мәселелерін шешу, нақты міндеттер қою, оларды жүзеге асыруға белсене атсалысу мақсатында құрылды. Бородулиха ауданының жастар мәслихаты депутаттығына кандидаттар ауданымыздың ауылдық және кенттік округтері әкімдерінің ұсынысы бойынша, аудандардың жергілікті қоғамдастық мүшелерінің келісімі бойынша іріктеуден өтті. Қорытынды іріктеуді облыстық сараптау комиссиясы жүргізді. Іріктеу қорытындысы бойынша Бородулиха аудандық жастар мәслихатына ауданымыздың белсенді жастары арасынан 12 депутат сайланды. Бірінші сессия жұмысында Жастар мәслихатының төрағасы болып Серік Тілекұлы Орынханов бірауыздан сайланды.
Іс-шараға Бородулиха аудандық мәслихатының бес шақырылымының депутаты Ү. Ефендиев, VIII шақырылымның депутаттары А. Кудушев пен М. Сиюндықова, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Н. Ибрагимова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Ел сенімін, үмітін ақтау, еліміздің жарқын болашағына үлес қосу – әрбір саналы да білімді жастарымыздың қолында. Сондықтан да үміт артып, сайлаған жастар мәслихатының депутаттарына сәттілік тілейміз!
Серік Тлекұлы