Бүгінде Бородулиха ауданы бойынша құрылыс, абаттандыру мен күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе, әр елді мекенде жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар қызу еңбек ортасына айналған. Десекте, тың жобаларды аяқсыз қалдырмай, межелі мерзімде аяқтаудың маңызы зор. Осы орайда аудан әкімі Айдар Ибраев бірқатар ауылдық округтерде, жаңадан салынып жатқан нысандарда болып, ондағы қалыптасқан ахуалмен танысты.
Жуырда аудан әкімі Айдар Маратұлы Подборный ауылдық округінің аумағында орналасқан «Ай-Кэмп» балалар лагерінде болып, аталмыш орталықтың жұмыс барысымен танысты. Осынау сапардың негізгі мақсаты аталмыш лагердегі балалардың тұрмыс жағдайын қадағалау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатын.
Қазіргі таңда жасыл орман ішінде орын тепкен «Ай-Кэмп» сауықтыру лагерінде жаз қызығын өткізуші балақайлар үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар балғындардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шаралар қабылданған. Оған көз жеткізген аудан әкімі мекеме басшылығы мен қызметкерлерін де сөзге тартып, лагердің күнделікті жұмыс ырғағымен танысты.
Аудан басшысы сонымен қатар, Камышенка орта мектебінің жанында орналасқан шағын футбол алаңының құрылысын да тексерді. Қазіргі таңда аталмыш нысанда жұмыс барысы уақытымен жүргізіліп жатыр. Жаңа алаңның қолданысқа берілуі белгіленген мерзімнен кешікпейді деген сенім бар. Құрылыс жұмысын жүргізушілерді сөзге тартқан Айдар Ибраев балалар мен жастарымыздың заманауи спорт нысандарына қол жеткізуі үшін ең бірінші кезекте сапаға көңіл бөлу керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, аудан әкімі сапары аясында Успенка ауылында болып, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жаңа медициналық пункт құрылысының барысымен танысты. Айта кетерлігі сол, бұл нысан ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын арттыру мақсатында салынып жатыр. Жаңа медициналық пункт — Бородулиха ауданындағы денсаулық сақтау саласын жақсартуға жасалған тағы бір қадам.
Жалпы, Бородулиха ауданындағы медицина саласы мен спорт аудан басшысының ұдайы назарында. Мәселен, Айдар Маратұлы аудан орталығында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінде де болып, жұмыс барысына қанықты.
Аталмыш жоба ауқымды әрі бүкіл аудан тұрғындары үшін маңызды. Кешен спортпен тұрақты түрде шұғылдануға әрі жергілікті тұрғындар үшін демалыс уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Заманауи әрі жайлы нысанның есік ашуымен өңірде ауданда бұқаралық спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданатын азаматтардың саны артады деп күтілуде.
Осынау сапар барысында анықталған жайт алдағы уақыттарда әкімдік отырысында қаралатын болады. Жүргізіліп жатқан барлық жұмыс барысы аудан әкімі Айдар Маратұлының назарында тұр.
Айкөркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»