24 наурыз күні аудан басшысы Ахметқали Нұрғожин азаматтарды жеке сұрақтары бойынша кезектен тыс қабылдау өткізді.
Қабылдауға жер телімін жайылымнан егістікке ауыстыру туралы сұрақпен аудан тұрғыны жүгінді. Аталған сұрақ оң шешімін табады. Ахметқали Ахашұлы жер қатынастары бөліміне аталған мемлекеттік қызмет түрін заң аясында қарап, шешу туралы тапсырма берді.
Және де 1 топтағы мүгедекке тұрғын үй беру туралы сұрақпен жүгінді. Аталған сұрақ бойынша аудан әкімі түсініктеме беріп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп қарастыру туралы тапсырма берді.
Сондай-ақ аудан орталығының тұрғыны «Балдәурен» бала бақшасында қосымша топтар ашу туралы өтінішпен жүгінді. Аталған сұрақ бойынша Абай облысы бойынша білім басқармасына тиісті өтініш жолданған. Алдағы күнде қосымша 2 топқа бөлмелер дайындау туралы сұрақ қарастырылатын болады.
26 наурыз күні аудан әкімі А. Нұрғожин су тасқынының алдын алу мақсатында Красный Яр, Құнарлы, Таврия, Новая Шульба, Андреевка ауылдық округтерін аралап, өзен арналарын, арықтар мен көпірлер, су өткізу құбырларын бақылап шықты. Су тасқынының қаупі байқалмайды, еріген қар суы арналармен ағып жатыр.
Сонымен қатар, Ахметқали Ахашұлы қожалық басшыларымен кездесіп, қауіп төнген жағдайда техника дайын екендігін жеткізді.
Жалпы аудан көктемгі су тасқынының алдын алуға дайын. Жағдай бақылауда.
27 наурызда аудан әкімі А. Нұрғожиннің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі 3 жақты комиссияның отырысы өтті.
Мемлекеттік еңбек инспекторы, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, сақтандыру компанияларының өкілдері және аудан кәсіпкерлері қатысты.
Жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасу мәселесі қаралды.