23 қарашада «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Шараға партияның Абай облыстық филиалының жауапты хатшысы Сейілбек Ысқақов, Семей қаласы мәслихатының депутаты Асхат Бәкіров, Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев, Бородулиха аудандық мәслихатының төрайымы Сәуле Урашева, партияның облыстық филиалы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бақытгүл Садықова, «AMANAT» партиясы Бородулиха аудандық филиалының жауапты хатшысы Гүлмира Ильяшева, Бородулиха аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері мен ұйым басшылары, аудан мекемелерінің өкілдері қатысты.
Фракция отырысының күн тәртібінде Бородулиха ауданының әкімінің «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Жол картасын» жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды.
«Аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы негізінде орындау бойынша Жол картасы әзірленді. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасында Бородулиха ауданы бойынша 2023-2027 жылдарға 55 іс-шара жоспарға қойылған. 2023 жылға 44 іс-шара жоспарланған, оның 38 іс-шарасы бүгінгі таңда орындалды, 6 іс-шара орындалу үстінде», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, аудан әкімі іс-шара аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамытуға құқықтық және басқа да көмек көрсету бойынша кеңестер ұйымдастыру мақсатында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, Мансап орталығымен және кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп, ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты. Бұған қоса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жыл басынан бері 2 іс-шара өткізіп, әлеуметтік желіде 2 материал жариялаған, сонымен қатар, 1 тікелей эфир жүргізілген. Мансап орталығы 300 адамды қамтыған 4 бос орындар жәрмеңкесін өткізген.
Сонымен қатар, жиында аудандық партия филиалының басшысы мен депутаттық фракция мүшелері ауылдық округтерде халықпен кездесулерінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізгені айтылды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша биылғы Жол картасына сәйкес, 13 жас маман жұмысқа орналасып, жәрдемақы және тұрғын үй несиесін алуға құжаттары тапсырылды. 7 маманға қаржы берілді. Қалған 6 маман жыл соңына дейін жұмысқа қабылданады.
«Жастарды әлеуметтік қызметтермен қамту бағдарламасы бойынша Бородулиха ауданында 2023 жылы 901 адамды қамту жоспарлануда. Жастар ресурстық орталығы жыл басынан бері депутаттық корпуспен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, ауылдық, кенттік округ әкімдіктерімен бірлесіп, 30 елді мекенде 920 адамды қамтыған ақпараттық-кеңес беру шарасын өткізді. Сондай-ақ, жыл басынан бері ауданда жол жөндеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Буркотово ауылына апаратын жолдың 23 шақырымы жөнделді. Бөлінген қаржы 1 млрд 61 мың теңгені құрады. Ауданда құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Бородулиха ауылындағы Абай, Боркова және Қазақстан көшелерін жарықтандыру, сонымен қатар, су құбырын және кәріз жүйесін тарту жұмыстары жүргізілуде», – деді Айдар Ибраев.
Оның сөзіне қарағана, биыл жалпы ауданы 1500 шаршы метр болатын 5 жеке тұрғын үйдің құрылысы жартылай аяқталған. Алдағы уақытта 10 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл үйлер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында салынып, 115 млн 209 мың теңгеге сатып алынды.
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының Бородулиха ауданында атқарылуы әрдайым назарда тұрады, – деді өңір басшысы.
Азамат Смагулов