Білім күні — бұл алғашқы қонырау үні, мыңдаған гүлдер мен бантиктер шеруі, кішкентай бүлдіршіндердің алғаш рет мектеп табалдырығын аттауы. Бұл күн олар үшін мәңгі есте қалатын кез. Ең алғашқы мектеп, сынып және алғашқы ұстазымен танысу.
1 қыркүйек күні Бородулиха ауданының барлық мектебі білім нәрімен сусындайтын шәкірттеріне өз есігін айқара ашты. Оқу жылының басталуы қуанышты, сонымен қатар, жауапты оқиға. Білім күні Тәуелсіз еліміз –Қазақстан Республикасының тарихындағы, сондай — ақ, Қазақстанның әрбір азаматының, мектеп жасындағы баланың өміріндегі елеулі күн. Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған 1 — сынып оқушылары үшін қуанышты күн.
Бүгінде Мемлекет басшысы мектеп пен білім мәселесіне айрықша көңіл бөлуде. Дәстүрлі алғашқы қоңырау салтанаты аудан мектептері бойынша кеңінен аталып өтті. «Мектеп-кеме, білім-теңіз» десек, сол білім теңізінде шұғылалы сәуле шашып, нұр құятын орын — мектеп. Ел тірегі, көркі — білімді әрі саналы ұрпақ. «Әрбір елдің келешегі — мектебіне байланысты» деп ұлыларымыз айтқандай, әр баланың егеменді елдің ертеңі болуына, туған жердің қасиетін дарытып, ана тілінің жанашырына айналуына айрықша үлес қосуы оқыған ортасына және білім алған мектебіне байланысты екендігі анық.
Биыл Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебінде 1-қыркүйек — Білім күніне арналған «Мектебім — мейірім мекені» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды. Жиынды мектеп директоры Балғын Нұрланқызы ашып, 2022-2023 оқу жылындағы мектептің жеткен жетістіктерін атап өтті, сондай-ақ, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге жылы лебізін білдірді.
Келесі сөз кезегі «Аманат» партиясының Бородулиха аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Бақдәулетқызына берілді. Ол мектеп ұжымы мен оқушыларын алғашқы қоңырау мерекесімен құттықтады. Мектептің ардагер ұстазы Сайлауғайша Оралбайқызына мектеп ұжымына өз жүрекжарды тілегін білдіріп, мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушыларына ақ батасын берді.
Жиын барысында мектеп басшысының жаңа оқу жылының басталуы туралы бұйрығын таныстыру үшін оқу ісінің орынбасары Айгүл Тақанқызы Жұмағалиеваға да сөз берілді.
Жалпы, биылғы оқу жылы балаларымыз үшін қызықты әрі табысты болады деген үміттеміз. Алда ұстаздар мен шәкірттерді жаңа шығармашылық табыстар мен жетістіктер күтіп тұр. Ендеше, біз жаңа оқу жылында оқушыларға күнделіктерінің жақсы бағаға толуын, білімнің биік шынына жетулерін тілейміз.
Ербол Темирбулатов