Құрақ көрпе мен ұлттық нақыштағы бұйымдар – тек қолөнер туындысы ғана емес, ол халқымыздың сан ғасырлық шежірелі тарихы, аналарымыздың ақ батасы мен өшпес рухының айқын көрінісі. Әрбір өрнегінде терең мағына, әрбір тігісінде үлкен төзім мен еңбек жатқан осы бір асыл мұрамыз заманға сай жаңғырып, жаңа деңгейге көтерілді. Жақында ғана Шығыс өңірінде ұлттық мәдениетіміздің мерейін өсірген айтулы оқиға орын алып, оған Бородулиха ауданының халық шебері де өз үлесін қосып қайтты.
Халықаралық отбасы күніне орай Шығыс Қазақстан облысында «Ғасырлық дәстүрлер» халықаралық фестивалі өтті. Осынау айтулы мереке аясында 2026 жылдың 15 мамыры күні Өскемен қаласында ұйымдастырылған «Аламан құрақ – 2026» жобасы еліміздің мәдени өміріндегі шынайы тарихи оқиғаға айналды.
Қазақ халқының ұлттық өнерін әлемге танытуды мақсат еткен бұл бірегей шара өңірдегі мыңға жуық алтын қолды халық шеберлерінің басын қосты. Жоба аясында тұтас 2 шақырымға созылып төселген әсем құрақ көрпе мен ат бейнесінде өрнектелген ұлттық жастықтар халқымыздың бірлігі мен берекесінің, шеберлігі мен жоғары талғамының айқын символы болды. Бұл теңдессіз туындылар салтанатты шарада GBR (Global Best Of Records) әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде еніп, қазақ қолөнерінің деңгейін жаһандық аренаға көтерді.
Осынау тарихи сәтте Абай облысының туын жықпай, оның ішінде Бородулиха ауданының абыройын асқақтатқан қатысушылардың бірі – «Солнышко» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Айнұргүл Нұртайқызы Майкенова болды. Ол ұлттық өнерді жаңғыртуға қосқан зор үлесі үшін жобаның арнайы сертификаттарымен және халықаралық дәрежедегі алтын және күміс медальдармен марапатталды.
– «Осындай ұлттық құндылықты дәріптейтін, ауқымы кең үлкен шараның бір бөлшегі болу мен үшін зор мәртебе әрі мақтаныш. Мамыр айының шуақты күнінде, күн сәулесімен құлпырып, мың түске боялған құрақтар ата-бабамыздан жеткен қасиетті өнердің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – жай ғана құрақ көрпе емес, қазақ халқының өшпес рухы, тарихы мен тағылымы», — деп Айнұргүл Нұртайқызы өз әсерімен бөлісті.
Көрмені тамашалаған жұртшылық көз майын тамызып, түн ұйқысын төрт бөліп дайындалған туындылардың жоғары сапасына ерекше тәнті болды. Ұлттық қолөнерді жаңа белеске көтеріп, осынау игі бастамаға ұйытқы болған жоба жетекшісі Нұргүл Абайханқызына, барша ұйымдастырушылар мен еңбегі еленген шебер аналарға айтылар алғыс та, көрсетілер құрмет те ерекше.
Көз майын тамызып, ұлттық мұраны ұлықтаған аналарымыз бен аруларымыздың бұл жетістігі – қазақ қолөнерінің әлемдік аренада талай мәрте топ жаратынының айқын дәлелі. Алтын қолды шеберлеріміздің шығармашылық жолы әрдайым табыстарға толы болсын! Қазақтың қасиетті қолөнері мәңгі жасай берсін!
Шайза АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»

