Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Солардың бірі – Гүлжан Қалиева.
Бородулиха ауданында дүниеге келген Гүлжан Әзімханқызы 1991 жылы Семей қаласындағы медицина институтын «Педиатрия»мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылдан бастап Бородулиха ауданындағы Қызыл ауыл дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері лауазымынан бастаған. 2004 жылы Бородулиха аудандық орталық ауруханасының фтизиатр дәрігері болып ауысса, 2005 жылғы ақпаннан бастап бас дәрігердің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. 2012 жылдан бастап «Бородулиха ауданының медициналық бірлестігі» емханасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып жүр.
Денсаулық сақтау жүйесінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген Гүлжан Әзімханқызының басшылығымен 2018 жылы емхана пилоттық режимде бірқатар электрондық құжатқа, ақпараттық жүйелерге көшті. Бүгінгі күні емхана цифрлық маммограф, ЭХО ЭКГ және зертхана автоматтандырылған анализаторлармен, заманауи жабдықтармен жабдықталған.
Емханада скринингтік тексерулердің 6 түрі жүргізіледі. Соңғы жылдары онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау мүмкіндігі артты. Емханада стационарды алмастыратын көмек ұйымдастырылған. Сонымен бірге, емхана басшылығы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жұмысына жетекшілік етеді.
Гүлжан Әзімханқызы ДКК төрағасы болып табылады, есепте тұрған науқастарды тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, жалпы тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуді назарда ұстайды.
Медицина саласында нәтижелі еңбек етіп келе жатқан Гүлжан Қалиева Бородулиха ауданының денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі үлес қосты. Адал еңбегінің, іскерлік қарым-қабілетінің, адамгершілік қасиеттерінің арқасында абыройлы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Айкөркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»