«Қазақстан Респуб-ликасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес 10 тамыз «Абай күні» болып белгіленді.
Бұл мерейлі күнді ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақ ұлысының ұлықтар құндылықтары, әрине көп. Соның ішінде Алаш баласының рухани құбыласы болған Абай поэзиясын ерекше құрметтеу – баршамызға бұлжымас парыз. Себебі, Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.
10 тамызда Бородулиха аудандық мәдениет үйінің Абай күніне орай ұйымдастырған «Абай-дана, Абай –дара қазақта» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы. Заман ауысып, уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.
Аудандық мәдениет үйінде Абай күніне орай, салтанатты концертке жиналғандарды аудан әкімнің орынбасары Мағжан Еренғайыпұлы Табылдин құтықтады. «Бүгін қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбаевтың күні! Биыл ұлы ақынымыздың туғанына – 178 жыл. Абай мұрасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Оның әділдік, адалдық, адамгершілік идеяларына негізделген, тағылымы мол шығармашылығы – қазақ әдебиетінің жауһары. Сөзі – қазақтың бойтұмары, мұрасы – қазақтың қазынасына айналған Абай халқымызды Отан сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиеледі. Ал туған жерге деген құрмет жақыныңа көрсеткен қамқорлықтан бастау алады. Баршамызға ортақ Абай күнімен сіздерді шын жүректен құттықтап, әрбір отбасыға құт-береке, ырыс-несібе тілеймін», — деді аудан әкімнің орынбасары.
Абай 1945 жылы бұрынғы Семей облысы, Шыңғыс тауларында туған. Ақынның арғы тегі Орта жүз, Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай, деген 4 ұл тарайды. Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған. Сол Айпара балаларының ішінде Ырғызбай өз ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болғандықтан, «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар» деген мәтел сөз қалған. Өскенбайдың әйелі Зереден Құнанбай туады. Міне, осылайша тарихқа сүйенсек, Абай атамыздың ұрпағы осылай. Бүгінде Абай Құнанбаевты білмейтін адам жоқ шығар, сірә.
Кештің мақсаты – Абай шығармашылығын жас ұрпақтың «жүрегіне терең бойлатып», Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілту.
Мереке күні ауданымызға Якутиядан қонақтар келді. Р.П. Габышев Қазақстанға отбасымен бірге Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттауға бағытталған іс-шараларға қатысу үшін арнайы ат басын бұрған. Руслан Прокопьевич бірнеше жылдан бері жерлесіміздің әндерін орындап келеді, бородулихалықтарға да Абай шығармасынан ән шырқап берді. Бұдан кейін Мәдениет үйінің әртістері «Торжорға» биі, «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», «Ажардың Ариясы», «Көзімнің қарасы», «Абайдың елі» сынды әндерді орындады.
«Абай – қазақтың темірқазығы». Абайды қалай мақтасақ та, Абаймен қалай мақтансақ та жарасады. Біз ақын атамызбен тек мақтанып қана қоймай, Абайдың сара жолын жалғауымыз керек. Өйткені, оның туындылары – баға жетпес асыл қазынамыз. Ақынның асыл сөздері тот баспай, келешекте де гаухардай жарқырап, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпағымызға нұр болып қалары хақ. Абай күні, оның шығармашылық әлемі көп ұлтты халқымыздың береке — бірлігін бекемдей түсетіні айдан анық.
Азамат Смагулов