Бородулиха аудандық мәслихаты ғимаратында «АМАNАТ» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Отырыста аудан әкімі Айдар Ибраев «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылуы жайлы баяндады.
Аудан әкімі өз баяндамасында ағымдағы жылға 36 іс-шара жоспарланғанын, оның 32-сі ойдағыдай орындалғанын, бұл 89 пайызды құрайтынын атап өтті. Бағдарлама аясында ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткен.
Жобалар аясында аудан экономикасы өсіп, 1025 жаңа жұмыс орны ашылып, өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп, мал басы саны артып, ауыл тұрғындарының жалақысы 15,9%-ға көтерілген. Әлеуметтік салада медициналық мекемелердің құрылысы аяқталып, мектептер күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгідегі кабинеттер сатып алынды. Инфрақұрылым да жетілдірілді: су құбырлары тартылды, жолдар жөнделді, көшелерді жарықтандыру барысында 403 шам орнатылды.
Жалпы партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру өзекті мәселелерді шешуге ғана емес, Бородулиха ауданы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасын таппақ.
А.ЖАҚЫП,
«Жаңа уақыт»