Өткен жылы «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы аясында Абай облысына 530 адам көшіп келген. Оның ішінде 310 қоныс аударушы, 220 қандас бар. Ал Бородулиха ауданына 11 отбасы немесе 33 адам көшіп келді.
Өңірге қоныс аударып, мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде баспаналы болған жандардың бірі – Эльвира Алпанова.
Эльмира Қайратқызы бағдарлама көмегімен 2024 жылдың ақпанында Алматы қаласынан Жезкент кентіне қоныс аударған. Көшіп келген соң мемлекет тарапынан көші-қон шығыны, үй алу сертификаты сынды мемлекеттік қолау көрсетіліпті. Жас отбасының екі баласы мектепке дейінгі мекемеге орналастырылса, кенжелері балабақшаға дейінгі жаста.
2000 жылы өмірге келген Эльмира жас ана ғана емес, шоколадпен қапталған құлпынай сынды тәттілер дайындап сатып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған әскер әйел.
Ауданға көшіп келген бағдарлама қатысушылары мен қандастар бүгінгі күні ортаға бейімделіп, еңбекке араласқан. Келген 11 отбасының төртеуі қоныс аударушы болса, жеті отбасы – қандас.
Былтыр «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы шеңберінде облысымызға 188 отбасы Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан және Алматы, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан, сонымен бірге қандастарымыз ҚХР, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен оралған. Барлығына бағдарлама аясында көмек көрсетіліпті.
-Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 530 адамға көшу шығыстарын өтеу үшін бір реттік материалдық көмек көрсетіліп, 152 отбасының тұрғын үй жалдау және коммуналдық шығындары өтелді. 112 отбасына тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді. Сертификат соммасы бір отбасына тұрғын үй құнының 50%, яғни 1160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде болады»,-деді Абай облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын.
Айта кетсек, көшіп келген отбасының отағасына және әрбір мүшесіне 70 АЕК (275 240 теңге) көлемінде көшуге бір реттік материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстары төленеді. Бұл ретте:қалалық жерлерге қоныс аударғандарға бір адам үшін 20 АЕК, отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болса, 25 АЕК, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған жағдайда 30 АЕК төленеді. Ал ауылдық жерлерге көшіп келгендерге бір адамға 15 АЕК, отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болған кезде 18 АЕК, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған жағдайда 21 АЕК төленеді.
Сондай-ақ олар қажет болған жағдайда техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберіледі. Жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу шаралары көрсетіледі. Биыл «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы шеңберінде 499 адамға (244 қандас, 255 қоныс аударушы) қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы жоспарланған.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»