Жол жағдайы – ерте заманнан маңызын жоғалтпай келе жатқан мәселенің бірі. Ата-бабаларымыз жылқы мен түйе малын тізгіндеп, алыс елдермен сауда-саттық, дипломатиялық байланыс орнатқан болса, бүгінгінің олардан айырмашылығы көлігінде ғана. Нақтырақ айтсақ, жол қатынасы ел экономикасын дамытуға, жолаушылар тасымалын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, жүк тасымалын ұлғайтуға, сондай-ақ халықаралық, елішілік қатынастың артуына айрықша әсер етеді.
Ел экономикасының дамуына, сауда-саттықтың қауіпсіз жеткізілуіне автомобиль жолдарының қосар үлесi зор. Облысымызда жыл санап, асфальт көрмеген жолдар тегістеліп, тұрғындар мен жүргізушілерге қолайлы орта қалыптастырылуда.
Ауданымызда жүзеге асырылған ауқымды жобалардың бірі — көше-жол желісін жөндеу жұмыстары. Яғни, соңғы жылдары автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары дұрыс жолға қойылып, нәтижесінде, шалғай ауылдарға баратын жолдармен қатар, ауданның ішкі көшелері де асфальтталып жатыр. Бұған дейін автокөліктер асфальт төселмеген көшелермен жүргенде қиындыққа тап болатын еді. Кедір-бұдыр, ойқы-шойқы жолдар техникаға да, жүргізушілерге де ауыртпалық әкелетін. Енді міне, асфальт төселген тақтайдай жол бойымен жүру жеңіл әрі тиімді болып отыр.
Бұған қоса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Дмитриевка ауылында жалпы сомасы 70 млн теңгеге Мира және Гагарина көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС-інің жұмыс кестесіне сәйкес, 2,4 шақырымдық жолға жөндеу жұмыстары маусым-шілде айларында іске асырылады. Жөндеу жұмыстары тамыз айында тапсырылады. Жұмыстарды техникалық қадағалауды «Батыс Сапа Инжиринг» ЖШС жүргізеді. Аталған мекеме жолды кеңейтіп, шұңқырларды жауып, бастапқы асфальт төседі.
— Қазіргі таңда «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС-нің орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Ауа-райының қолайсыз жағдайларынан және ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс салмағы кесірінен пайда болған жолдағы шұқырлар толықтай жамалып, жаңа асфальт төселуде», — дейді «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС-нің бригадирі.
— Ауылға келетін қонақтардың, ауыл халқының жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызу үшін жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны қуантады. Бұл игі істердің барлығы ауылымыздың көркін одан сайын аша түсері анық. Осылайша, бүгінде көшелеріміз түзеліп, көңіліміз көтеріліп қалды. Ауылдар ажарланып, көшелер көрікті болып тұрса, халықтың да көңілі әрдайым шат болатыны анық. Сол үшін де аудан басшысына шексіз ризамыз. Жолда жүрген жігіттердің жұмысы алға баса берсін, — дейді ауыл тұрғыны.
Жалпы, көлік инфрақұрылымының ел өмірінде шешуші рөл атқаратыны, елеулі орын алатыны ешқандай да талас тудырмайды. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында бұл саланың индустриялық экономика мен қоғамның тамырына қан жүгіртетін жүйе екенін, сапалы заманауи магистральдарсыз дамыған ел болмайтынын талай рет атап көрсеткен еді. Оның үстіне, өңір әкімдерінің жұмысы да дәл осы жолдың сапасымен бағаланатынын айтты.
Ең бастысы, жол сапасына айрықша көңіл бөлініп келеді. Осыған байланысты қыруар жұмыстар да атқарылды. Аудандағы жол мәселесінің оңалып келе жатқаны да осы атқарылған жұмыстардың бір көрінісі болса керек.
Өлкеде көлік инфрақұрылымы дамыса, бұл ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынауын жеңілдетіп қана қоймайды, елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің өрістеуіне де жол ашады. Сондықтан, жол құрылысы алдағы уақытта да бәсеңсімей, жалғасын тапса дейміз.
Сұлтан Ибрагимов