Ұлттық мереке – Республика күнінің қарсаңында аудан әкімі Айдар Ибраев аудан орталығында жаңа үйлердің кілттерін табыстады. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрлымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, ауданымызда 2 көп балалы отбасы, 7 әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы және 1 зейнеткер баспаналы болды. Осылайша, 10 пәтердің иелері көптен күткен баспаналарының кілттерін алды.
«Бұл біздің отбасымыз үшін өте қуанышты оқиға. Біз Қазақстан Республикасының Президентіне көп балалы отбасыларға назар аударып, айрықша көңіл бөлінгеніне ризамыз. Әрине, осы салада жақсы жұмыс атқарғаны үшін Бородулиха ауданының әкіміне де алғысымызды білдіреміз», — көп балалы ана.
Әр пәтердің жалпы ауданы 80-100 шаршы метрді құрайды, үйлер жылыту пештерімен толық қамтамасыз етілген, жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Ауласында бау-бақшаға арналған арнайы бос орын бар.
«Еліміздің негізгі саяси бағыттардың бірі халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету екені белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында бұл туралы үнемі айтып отырады. Әрбір тұрғын үйге мұқтаж азаматтың баспаналы болуына жағдай жасау – мемлекетіміз ұстаантын басты бағдарлардың бірі. Жаңа үйлер берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін», — деді аудан әкімі Айдар Ибраев.
Кейінгі жылдары біздің елімізде тұрғын үй құрылысы ауқымды жүргізіліп келеді. Мемлекетіміз жылжымайтын мүлік нарығындағы жоғары бағалар жағдайында өз азаматтарына көмек көрсету тетіктерін үнемі жетілдіріп отырады. Қазіргі таңда кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінуде.
Осы орайда, біз баспаналы болған жандардың барлығын жаңа қонысымен құттықтаймыз. Шаңырақтарыңыз шаттыққа бөленсін.
Серік Тлекұлы