Елімізде тұңғыш рет мерекелер күнтізбесіне мамыр айының екінші жексенбісі «Аналар күні» деп енгізілді. 12 мамыр күні Бородулиха ауданындағы Жезкент кентінің Мәдениет үйінде Толқын Сүлееваның “Жан Анам” атты мерекелік концерті өтті. Шараға кент тұрғындары, өнерсүйер қауым қатысты.
Талғампаз көрермен Толқын қыздарының әсем әнін ғана емес, оның шәкірттерінің және аудандық шығармашылық үйі ұжымдарының өнерлерін де тамашалады.
Толқын Ислямқызы 1985 жылы Семей қаласы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң 2003 жылы М.Төлебаев атындағы музыка колледжіне оқуға түсіп, білім ошағын 2007 жылы қобызшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Қолына диплом алған жас маман Жарма ауданының Мәдениет үйінде “Кәусар” оркестрінде еңбек жолын бастаған. 2011 жылы Қайнар ауылдық мәдениет үйіне әртіс болып орналасты. Шығармашылыққа құштар жан 2012 жылы Семей қаласында өткен «Жас қанат» байқауында бақ сынап, 2 орын алды. 2020 жылдан бастап Жезкент кентінің мәдениет үйінде мәдени ұйымдастырушы қызметін атқарып жүр.
Мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген Толқын Сүлеева 2021 жылы шәкірттерін Астана қаласында өткен “Алаш star” байқауына қатыстырып, “Үздік жетекші” номинациясымен марапатталды. Өзі де өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Одан өзге марапаттары да аз емес. Жезкент кенті әкімінің, 2003 жылы ШҚО мәдениет басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды. Сонымен бірге, «ҚР Мәдениет және өнер саласының үздігі», «Үздік іскер әйел» медалінің иегері.
Кештің мерекеге орайластырылуы да тегін емес. Толқын Сүлеева отбасында аяулы жар, асыл ана. Отағасы Ерлан Омарханұлымен Нұрәли, Алдияр, Рамазан есімді үш ұл тәрбиелеп отыр.
Өмірін өнерімен өрбіткен өнерпаз кеш барысында «Айналдым елім», «Айқаракөз», «Анашым шалқып күлсең», «Ардақты әке, аяулы ана» сынды әндерді орындап, қобызбен күй тартып, тыңдарман жүрегіне жол тапты.
Кеш соңында сөз алған Жезкент кентінің әкімі Мақсат Жайдарбеков шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, аналарды мерекемен құттықтады.
-Аналар күні құтты болсын! Мұхтар Әуезов: «Әйел-ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді»,- деген. Бүгін аналар күніне орай ұйымдастырылған Толқын Ислямқызының концертін тамашаладық. Ән өнерін дамытып, ұлттық аспабымыз қобызды дәріптеп жүрген өнерлі жан Жезкент кентінің ғана емес, ауданымыздың, облысымыздың мақтанышы,- деген Мақсат Жайдарбеков аналар қауымына арналған әдемі кеш үшін Толқын Ислямқызы мен шығармашылық ұжымдарға алғысын айтып, гүл шоғын сыйға тартып, өлең шумақтарымен барша аналарды мерекемен құттықтады:
-Отыратын саған бақ тілеп,
Анаңды күт, ана деген ақ тілек.
Дүниеде алуан-алуан тәтті бар,
Ана сүті бәрінен де тәттірек.
Осылайша, Жезкент кентінде өнерсүйер қауымға рухани азық сыйлаған тамаша кеш өз мәресіне жетті.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»