Күн жылынып келеді. Қар көбесі сөгіліп, жер тоңы жібісе, қарғын судан қорғана білуіміз керек. Жуырда облыс әкімі Берік Уәли су басу қаупі бар аймақтарды әуеден бақылап, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырған болатын. Жексенбі күні Абай облысы «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Нұржан Әбдікәрімов жұмыс сапарымен Бородулиха ауданына келіп, су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарына мониторинг жүргізді.
Бородулиха ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Новопокровка, Новошульба, Красный Яр және Переменовка ауылдық округтерінде су өткізгіш құрылыстар, өзен арналары мен көпірлерді тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Красный Яр ауылында Уба өзенінің арнасы тексеріліп, жақын күндері мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Новопокровка және Переменовка ауылдарында жағалауды бекіту және өзен арналарының түбін тереңдету жұмыстары аяқталды.
— Ауданда су тасқынына қарсы барлық қажетті шаралар қолға алынған. Қажетті көлемде инертті материал салынған қаптар дайындалып, авариялық бригадалар жасақталды, төтенше жағдай орын алған жағдайда тұрғындарды уақытша орналастыру пункттері әзірленді. Қазіргі таңда жауапты қызметтердің кезекшілігі ұйымдастырылып, жауын-шашын мен еріген қар суының деңгейі тұрақты бақылауда. Жұмыстар жалғасуда,- деді аудан әкімі Айдар Ибраев.
Сапар барысында Нұржан Әбдікәрімов су басу қаупі жоғары бірқатар аумақтарды аралап, жүргізіліп жатқан алдын алу шараларымен танысты. Өрт сөндіру бөлімінде болып, мекеме қызметкерлерімен кездесіп, олардың күнделікті міндеттері мен атқарып жатқан жұмыстарымен, мекеме ішіндегі өртке қарсы жабдықталған құралдармен, автокөліктердің жай-күйімен танысты.
Жалпы, су тасқынының алдын алу барысы аудан әкімінің назарында тұр.
Ай-Көркем МАҚЫШ,
«Жаңа уақыт»