Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин келді.
Министр облыс орталығында Жібек жолы көшесінің бойында салынып жатқан «Алтай» көтерме-тарату орталығына барып, құрылыс барысын бақылады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жалпы бұл жобаның құны — 20 890 193,12 т.т. Құрылыс алаңында көтерме-тарату орталығының негізгі ғимараты, екі көкөніс қоймасы, қонақ үй, кросс-дог және әкімшілік ғимаратының негізі қаланып жатыр.
— Көкөніс қоймасының жалпы ауданы он мың шаршы метрге жуықтайды. Қыс мезгілінде 18 мың, жазда 7 мың тонна көкөніс сақталады. Жалпы бұл орталықта ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін сақтауға мүмкіндік бар, — деді «Алтай» көтерме-тарату орталығының директоры Жанболат Казанов.
Министр нысанның логистикалық әлеуетін жоғары бағалады. Артынша министр «Магнум» сауда орталығын аралап шықты.