«Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай атамыз айтқандай, бала – көзіміздің нұры, басты байлығымыз. Адам өмірінің мәні мен сәні – өсіріп отырған ұрпағы емес пе?! Бүгінгі ерке құлыншақтар – еліміздің ертеңі мен болашағы.
Балалық шақ ең таза, кіршіксіз, қайталанбас кезең. «Бақыт деген — менің бала күндерім» деп Мұқағали ақын жырлағандай, балалық шақ әркімнің жадында қайталанбас қызықтармен, шат — шадыман ойын, риясыз күлкімен есте қалатыны белгілі. Ойын баласы үшін ойыннан, ересектер сыйлайтын тәттілерден артық қызық жоқ. Міне, сондықтан да болар, жыл сайын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде сәби көңілінен шығатын іс-шараларды ұйымдастырып, қоғам назарын оның кішкентай мүшелеріне аударып жатамыз. Бұл игілікті дәстүр биыл да жалғасын тапты.
Бородулиха ауданында аталмыш мерекеге орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды.
Ауданның ораталық саябағында «Айналайын» гала-концерті өтті. Мұнда балалар асфальтқа ғана емес, нағыз суретшілер сияқты мольбертке де сурет салды.
Аудан әкімінің орынбасары Мағжан Табылдин мерекеге жиналған аудан тұрғындары мен қонақтарына жылы лебізін білдіріп, «Айналайын» байқауына қатысқан балалар мен шығармашылық ұжымдарды марапаттады.
Бірқатар шаруа қожалықтарының басшылары демеушілік жасап, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тәтті таратты.
Арнайы және әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығының «Орман Жиегі» жазғы сауықтыру кешінде балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Шарада аудандық мәслихат төрайымы Сәуле Урашева жүрекжарды тілегін айтып, аудан әкімінің атынан балаларға сыйлықтар табыстады. Бұл шараға ауданның бірқатар белсенді тұрғындары мен шаруа қожалық басшылары демеушілік етті.
Өз кезегінде Арнайы және әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығының директоры Р. Молжигитов балаларды қуантып, көмек қолын созып жатқан демеушілерді алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік шара аясында бүлдіршіндер дайындаған мерекелік концерт ұйымдастырылып, эстафеталық жарыс өтті.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»