Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында өзіміз қатарлы мектеп бітірген оқушылардың көпшілігі мұғалім мен дәрігер мамандықтарын таңдайтын. Сірә, ауылды жерде зор құрметпен аталатын мамандықтар да осылар болғандықтан шығар. Біздің кейіпкеріміздің де арманы химия және биология пәндерінің мұғалімі болу еді. Бірақ оған ұстаздық етуді жазбаған екен.
Асқақ арманын арқалап, 1993 жылы Аягөз ауданының Сарыарқа ауылынан Семей қаласына келген Гүлжан Қадырова Семей педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне түседі. Қыркүйекте сабаққа келген кезде аяқ астынан төрт студентті (қандай да бір бағдарлама бойынша) Алматыға экология мамандығына ауыстырады. Арман қала Алматыда білім аламын деп алып-ұшып келгенде өзін Қазақ ауыл шаруашылығы институтының орман факультетіне ауыстырғанын бір-ақ біледі. Сарыарқаның жазық даласында өскен, өмірінде орман көрмеген жас қыз сөйтіп үш ұйыктаса түсіне кірмеген орман саласының оқуын оқып, 1998 жылы орман шаруашылығының инженері мамандығын алып шығады.
— Қайталанбас балалық шақтың арманы қиялыңды алысқа самғатады ғой,- деп еске алады Гүлжан Қадырова сонау артта қалған күндерді. – Өзімнің жақсы мұғалім болатыныма және оқушыларымның мені, пәнімді ұнататын ұстаз болатыныма өзімді сендіріп қойған мен үшін басында орман саласының оқуын оқу миға қонбайтын өрескел нәрседей көрінгені де рас. Бірақ намысқа тырысып, ауылдағы ата-анамды жерге қаратпауды ойлап, оқуға бар ынта-ықыласыммен ден қойдым.
1976 жылы қарапайым отбасында дүниеге келіп, көп баланың ортасында өскен Гүлжан бала күнінен еңбекқор, тиянақты. Әкесі Тілеухан Сәдуақасұлы энергетика саласында инженер маман болса, анасы Күлниса Сәрсебайқызы мектепте еден жуушы болып жұмыс істеді. Сөйтіп, сегіз баланы еңбекке баулып жеткізді.
Оқуын тамамдаған жылы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Жаңасемей филиалына қарасты Подгородний орманшылығына орман шебері болып жұмысқа орналасқанмен, бір жылдан соң қысқартуға ұшырап, Алматыға қайта аттанады. Онда қаланы көгалдандыру мекемесінде жұмысшы болып істейді. Сол жерде өмірлік серігі – ақсуаттық Нарынбек Қадыровты жолықтырып, шаңырақ көтергеннен кейін жас отбасы Бородулиха ауданына көшіп келеді.
2000-2010 жылдар аралығында бір ұл, екі қыз баланы дүниеге әкеліп, ана атанған Гүлжан бала күтімімен үйде отырғандықтан, жұмыстан қол үзіп қалады.
2010 жылы «Семей орманы» резерватының Бородулиха филиалына орман тұқымбағының шебері ретінде жұмысқа қабылданады. Ізденімпаз жас екінші жоғары білім алуды көздеп, экономист мамандығын да меңгереді. Бородулиха қаржы орталығында қаржы маманы болып жұмыс істеп жүргенде (2018 жылы) Бородулиха филиалында экономистің орны босайды да, орман саласына қайта оралады.
Ал 2020 жылдың ақпан айынан бастап Бородулиха филиалы Дмитриевка орманшылығы басшысының көмекшісі болып жұмыс атқаруда.
— Орман тұқымбағының шебері, экономист маман бола жүріп біраз тәжірибе жинадым. Алғаш Бородулиха филиалына жұмысқа кіргенде бөлімше басшысы болған Олджаев Төлеубай Айтқалиұлы мен түрлі жауапты қызметтер атқарып, қырық жылдан астам ғұмырын орман саласына арнаған мықты маман – марқұм Маслова Любовь Григорьевна көмектерін аямады. Білгендерін үйретіп, барынша қолдау жасады. Осындай өз мамандығына адал алдыңғы толқын аға, апаларымыздан үлгі алып, шеберлігімізді шыңдадық, тәжірибе жинақтадық. Қазіргі кезде мен де жас мамандарға білгенімді үйретудемін,- дейді Гүлжан Тілеуханқызы.
Табиғатты сақтап, оның байлығын көздің қарашығындай қорғау және көбейту — орман саласы мамандарының қиын да құрметті парызы. Осы міндеттерін адал атқарып жатқан Бородулиха филиалының орманшылары Дмитриевка орманшылығының өскіндерін күтіп-баптауда.
Ізгілікке ұмтылған әрбір тұлға түптің түбінде арманына қол жеткізеді. Көктемде маусымдық науқан кезінде таңның атысы, күннің батысы орман алқабында жүруге тура келетін жұмыстың әйел адам үшін оңай емес екені белгілі. Қиындыққа өз мамандығын жақсы көретін, жұмысына берілген жандар ғана шыдайды, шындығында. Орманды, өз жұмысын сүйетін Гүлжан Тілеуханқызы үшін орманнан тыныш, орманнан артық жер жоқ. — Орманға енгенде төбеңнен алып жасыл шатыр жайылғандай болады. Ағаштың түбінде тұрып, жоғарыға көз салсаң, қарағайлар аспанмен астасып тұрғандай көрінеді. Оқуға алғаш кіріскен кезде орман өсірудің де тұтас бір ғылым екенін білмеген едім. Оқыған сайын қызықтырып, алға жетелейтін әдеби кітаптағы оқиға желісіндей, орман саласы да өзіне көрген сайын, білген сайын тарта түседі, қызықтыра береді. Тереңіне бойлаған сайын тек аспанға қарамай, аяғыңның астына да үңілу керектігін түйсінесің. Алдыңнан қалың орманды көріп қана қоймай, әрбір ағашты тани білуге тырысасың. Осы алаңқайда миллиондаған өскін өсіп келе жатса, осылардың бәрінің ормандағы жаңа орнын жерсініп, алып ағаштардың қатарына қосылғанын қалаймын. Адам баласы сияқты әр ағаштың да өз тағдыры болады ғой деген ойға қалам кейде,- деп орман тұқымбағы аумағында желкілдей өсіп тұрған жап-жасыл кішкентай өскіндерге аялай қараған кейіпкеріміз өзінің толғанысты ойларын бөлісті.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, орман саласында уақытпен санаспай еңбек етіп, өзінің білімділігімен, парасаттылығымен ерекшеленіп жүрген Гүлжан Қадырованың өз кәсібін сүйетіні, мамандығына адалдығы, еңбекқорлығы – көпке үлгі, жастарға өнеге.
Күлия РАЙЫС