12-14 қазан күндері аралығында Бородулиха ауданының спорт кешенінде жастар мен жасөспірімдер арасында бокстан аудан әкімінің жүлдесіне 5-ші облыстық ашық турнир өтті.
Турнирге Абай, Ақсуат, Аягөз, Жарма, Ұлан аудандарынан, Семей қаласының «Бура», «Тамаша», «Еркін», «Тарлан», Семей қаласындағы №17 және №3 спорт клубтарынан, Өскемен спорт мектебінен, Бородулиха жасөспірімдер спорт мектебінен, Жезкент кентінің және Коростели ауылының спорт клубтарынан келген 130-дан астам жас боксшы қатысып, өзара бақ сынады.
Бұрынғы КСРО мемлекеттерінде бокстың әуесқой түрі кеңес өкіметімен бірге дамыған. 1928-1930 жылдар аралығында бокс Кавказ бен Орталық Азия мемлекеттерінде де жаңаша қарқын алған.
Қазақ жерінде бокстың дамуы өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Бұл шайқас өнерінің даму орталығы ретінде Алматы қаласы танылды. Алматыда алғашқы бокс үйірмесі «Темп» спорттық қоғамдастық негізінде құрылған. Кейін келе, ағылшындардың жұдырық шайқасы еліміздің «Динамо», «Спартак», «Медик» пен Қарағандыдағы «Угольщик» спорт қоғамдастықтарында өз табынушыларын тапқан. Ал 1937 жылы қазақ боксының негізін салушы, спорт шебері атағын иемденген Шоқыр Бөлтекұлының бастамасымен Алматыда жеке-топтық біріншілік ұйымдастырылып, аталған жиынға 4 спорт қоғамдастықтан 130 жуық былғары қолғап шебері қатысқан. Осы чемпионат бокстың дамуына түрткі болып, еліміздің басқа да өңірлерінде спорттық үйірмелер көптеп бой көтере бастаған.
Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық жерінде осы спорт түрі дамыған деп анық айта аламыз. Боксты дамытып, өскелең ұрпақты осы спорт түріне баулу бағытында жыл сайын түрлі жарыстар өткізіліп, көптеген сайыстар ұйымдастырылады. Осының бірден бір дәлелі – аудан әкімінің жүлдесі үшін бокстан өткізілетін облыстық жарыс.
Облыстық турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Айдар Ибраев спортшыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Бұл сәт жарыстың маңыздылығын және спортшыларға көрсетілген қолдауды көрсетті. Жас спортшыларды тәрбиелеуге қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі үшін аудан әкімінің алғыс хатымен IBA халықаралық санаттағы төрешісі Сафин Қайрат, Халықаралық санаттағы төреші (AIBA) Қуат Құдайбергенов, емдеу-дене шынықтыру емханасының директоры Әбдіғали Мырзатаев, Шығыс Қазақстан облысы әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы Нұржан Сағындықов, Абай облысының бокстан аға жаттықтырушысы Талғатбек Жакупбеков марапатталды.
Турнирдің соңғы күні 4 салмақ дәрежесінде 88 боксшы арасында тартысты бәсеке өтті. Ойындар қорытындысы нәтижесінде, 2012 жылы туған жасөспірімдер тобындағы 34 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды Аягөз ауданынан келген И. Жаксылык, 36 келі салмақ дәрежесінде Бородулиха ауданындағы спорт мектебінің боксшысы И. Серікқазин бірінші орынды иеленді.
2010-2011 жылы туған қатысушылар арасында 33 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды Абай ауданынан келген Т. Әбілқақов, 36 келі салмақ дәрежесінде Аягөз ауданынан келген Н. Қайрақызы иеленді.
Жастар аралығында 38 келі салмақта Жарма ауданынан келген А. Амангелді жеңімпаз атанды, 42 келі салмақ дәрежесінде Аягөз ауданынан келген М. Ержанов бірінші орынды еншіледі. 45 келі салмақта бірінші орынға Аягөз ауданынан келген Е. Талғат ие болды. 54 келі салмақ дәрежесінде Өскемен қаласынан келген қатысушы А. Болатқан және 65 келі салмақта Т. Ұлықбеков бірінші орынға табан тіреді..
2008-2009 жылы туған жастар арасында 42 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынға бородулихалық Б. Жұмабеков, 44 келі салмақта Аягөз ауданынан келген Н. Нұржанұлы, 60 келі салмақ дәрежесінде Бородулиха ауданынан келген М. Құрамысов, 63 келі салмақ дәрежесінде Жарма ауданынан келген Е. Тоқтажан бірінші орынды иеленді.
2006-2007 жылы туған жастар арасында 57 келі салмақта Өскемен қаласынан келген Е. Нұрахмет және 60 келі салмақ дәрежесінде А. Сәмекенов, 63,5 келі салмақта Бородулиха ауданының спорт мектебінің боксшысы Е. Серікқазин жеңіске жетті.
«Үш күнге созылған бокс жарысына облыстың барлық қала-аудандарынан жиналған 130 бала қатысып, күшін сынады. Бокс әлеміне енді қадам басқан балалар үшін бұл жарыс өзін көрсетуге, қабілетін байқауға жақсы мүмкіндік болды. Бұл олардың спорт шыңын бағындыруға жасаған алғашқы қадамдары десек те болады. Әрбір жарыс – спортшының жеңіс тұғырынан көрінуге берілер мүмкіндік. Бүгінде балалардың боксқа қызығушылығы жоғары. Әлем рингтерінде жарқын жеңістерге жеткен, қуатты күшін, қайратын көрсеткен талантты боксшыларды көргенде, балалар оларға қарап бой түзеп, былғары қолғап шебері болуды армандайды. Ауданымызда бокстың қыр-сырына үйрететін үйірмелер көптеп ашылып, балалар спортқа тартылуда, – деді IBA халықаралық санаттағы төрешісі Сафин Қайрат.
Аудан әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған облыстық турнирдің марапаттау рәсімін аудан әкімі Айдар Ибраев қорытындылады. Өңір басшысы спортшылардың боксқа деген еңбекқорлығы мен адалдығын айрықша атап өтті.
Облыстық турнирдің финалдық ойындарындағы жеңімпаздарды жергілікті меценат және демеуші Абайхан Құрмысов, сондай-ақ жарыстың төрешілері дипломдармен және медальдармен, кубоктармен марапаттады.
Бұл турнирдің ең жарқын сәттері – медальдар мен кубоктар ғана емес, жастардың табандылығының мойындалуының символына айналған аудан әкімінің грамоталары. Аталған жарыс боксқа деген күш-жігер мен талпынысты, сондай-ақ, бәсекелестік пен достық рухты біріктірді. Сондықтан облыстық турнир қатысушылар мен көрермендердің жадында облыстың спорттық өміріндегі маңызды оқиға ретінде сақталары сөзсіз. Осылайша, бұл жарыста біздің боксшылар ерлеп, ауданымыздың атағын бір асқақтатып тастады. Бұл ретте, осы саланы таңдап, қарқынды дайындалып жүрген барша былғары қолғап шеберіне тек сәттілік тілейміз.
Ербол Темирбулатов