Туған жерге тағзым ету, туған өлкесінің көркеюіне атсалысу — перзенттік парыз. Бородулиха ауданында өскен өлкесінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жомарт жандар жетерлік. Олардың бірі – жеке кәсіпкер Болатхан Дауытұлы.
Биыл Болатхан Дауытұлы Белағаш ауылында өз қаражатына балалар спорт алаңын (воркаут) және жасанды жабыны бар шағын футбол алаңын салып жатыр.
Алаңға барғанымызда Болатхан Дауытұлының өзі жөндеу жұмыстарымен айналысып жүргенін көрдік. Қажетті жабдықтарды әр қаладан алғызып жатқан кәсіпкер ең алдымен сапасына мән беретінін айтты. Құрылысқа қанша қаражат жұмсалғанын сұрап едік, өзі жайлы ақпарат жарияламауымызды өтініп, сауалымызға жауап бермеді. Мақсаты ауыл балаларының спортпен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасау, туған жерінің дамуына атсалысу екенін айтты.
Қазірдің өзінде алаң балақайлардың жиі келетін демалыс орнына айналып үлгеріпті. Алдағы уақытта алаңның маңайын абаттандыру жоспарланып отыр.
— Белағаш округінде 5 елді мекен орналасқан. Округте 2600 адам тұрып жатыр. Болатхан Дауытұлы сияқты жанашыр жерлестеріміз бар. Балалар спортпен айналыссын деп алаң салып жатыр,- дейді Белағаш ауылдық округінің әкімі Мақсұт Ғабдуллин.
Алаң шілде айында салтанатты түрде ашылып, аудандық жарыс ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.
Болатхан Дауытұлы сынды «елім» дейтін ерлердің қатары арта берсін.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»