Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Марат Теміржановтың төрағалығымен ветеринария саласындағы өзекті мәселелерге арналған кеңес өтті. Кеңеске ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, сондай-ақ Бородулиха ауданы бойынша Ветеринария басқармасының ветеринариялық қызметінің қызметкерлері қатысты.
Жалпы, ветеринария саласының негізгі міндеті — жануарларды аурулардан қорғау және емдеу, халықты жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардан қорғау, ауданда ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Жиында Абай облысы ветеринария басқармасының Бородулиха ауданы бойынша «Аймақтық ветеринария қызметі» мемлекеттік кәсіпорнының бас маманы Бауыржан Баяхметов 2024 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, 2025 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Баяндамасында ветеринариялық пункттердің, мал сою алаңдарының, мал қорымдарының жағдайы жайлы айтып, сондай-ақ ауылдық округтерде кездесетін мәселелерге тоқталды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Бородулиха аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Төлеутай Қадыров өз сөзінде ветеринар дәрігерлерінің жетіспеушілігін және ауданның эпизоотикалық жағдайына әсер ететін басқа да өзекті мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтті. Кеңес нәтижесінде қатысушылар ветеринариялық қызметті жақсарту, мал шаруашылығының жағдайын тиімді бақылау үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту бойынша ұсыныстар әзірледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
Өз тілшіміз