Шұғылалы көктемнің шуақты мерекесін Бородулиха ауданы жоғары дәрежеде атап өтті. Әрбір ауылдық округтегі мектептер мен мекемелер, ұйымдар Халықаралық әйелдер күніне орай әртүрлі челлендж, акция, салтанатты іс-шаралар ұйымдастырды.
Мерекеде ұйымдастырылған шоқтығы биік шаралардың бірі – аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты кеш.
Сәні мен салтанаты келіскен «Қыз еркем, қылығымен көркем» атты кешке ауданның дамуына үлес қосып, өндірісте және бизнесте, білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет салаларында, қоғамдық жұмыстарда лайықты нәтижелерге қол жеткізіп жүрген әйелдер қауымы қатысты.
Аудан әкімі Айдар Ибраев жылы лебізін білдіріп, қоғамдағы әйел-ана рөліне тоқталды.
— Әйел-Ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары. Еліміздің сән-салтанаты мерейінің үстем болуында да қашанда нәзік жандардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр. Сіздер жасампаз энергияларыңыздың арқасында біздің ауданымыздың дамуына үлкен үлес қосып келесіздер. Өндірісте, бизнесте, білім беру мен денсаулық сақтауда, мәдениет пен қоғамдық жұмыста лайықты нәтижелерге қол жеткізесіздер, — деді Айдар Маратұлы.
Шара барысында өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар нәзік жанды аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қоса, мәдениет үйінің ұжымы мерекелік концерт ұйымдастырды. Әсем ән әуелеп, тәтті күй күмбірлеп, мың бұралған бишілер мереке көрігін қыздырды.
Сонымен бірге, аудан әкімі Айдар Ибраев мереке қарсаңында бірқатар ананы құттықтады.
Аудан басшысы шаңырағына арнайы барған бақытты жандардың бірі – Фрида Беккер.
Саратов облысының Бальцер қаласында өмірге келген Фрида Кондратьевна 1997 жылдан бастап Бородулиха ауылында тұрады. 12 бала тәрбиелеген батыр ана «Алтын алқа» иегері. Қрпағына өнегелі тәрбие берген бақытты әже бүгінде 41 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Шуақты мереке қарсаңында өңір басшысы Айдар Маратұлы асыл анаға мықты денсаулық тіледі.
Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімі Назигүл Жұматаеваға барды. Назигүл Мұхтарқызы 1937 жылы 29 мамырда Семей облысының Жаңасемей ауданына қарасты Знаменка ауылында дүниеге келген.
Жалындаған жастық шағында Бородулиха ауылына қоныс аударған Назигүл Мұхтарқызы қарағайлы өлкеде тұрмысқа шығып, тұрақтап қалды. Бес балаға әлемнің жарығын сыйлаған абзал ана саналы ғұмырында әр түрлі лауазымдарда еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосты. Тынымсыз еңбегі ескеріліп, тыл еңбеккері атағы беріліп, бірқатар медальдармен марапатталған.
Қазіргі таңда балаларынан 10 немере мен 16 шөбере сүйіп отырған аяулы ана қамқорлық пен сүйіспеншілікке бөленіп отыр.
Сонымен қоса, мереке қарсаңында аудан басшысы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «AMANAT» партиясының Бородулиха аудандық филиалының атқарушы хатшысымен бірлесіп Ұлы Отан соғысының тыл еңбеккері Ефросинья Сопованы мерекесімен құттықтады.
Ғасырға жуық өмір сүрген кейуана тарих куәгері ғана емес, өмірі өнегеге толы ардақты жан.
Еңбек жолын 1942 жылы Новошульбада бастаған Ефросинья Прокопьевна 54 жыл әртүрлі лауазымдарда ауданды дамыту жолында еңбек етті. Соғыс жылдарында тылдағы еңбекке араласып, қажымас қайтарты, еңбекқорлығы үшін лайықты марапатқа ие болды. Аудан басшылығы Ефросинья Прокопьевнаға күш-қуат, денсаулық тіледі.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Жаңа уақыт»