«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бородулиха ауданында 11 жоба іске асырылмақ. Осы мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен 643,2 млн теңге бөлінді. Аудан әкімі Айдар Ибраев жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылауда ұстап отыр.
Өткен аптада Айдар Маратұлы Белағаш ауылдық округінде болып, аталған бағдарлама аясында қолға алынған жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Белағаштың 16 көшесіне 164 жарық диодты шам орнатылмақ. Жобаны мердігер мекеме «Өмірбек Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Ал Зенковка ауылындағы 6 көшеге 71 жарық диодты шам орнатылмақ. Жоспарлы жұмыстар шілде айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен бірге Камышенка ауылына көше жарығын тартуға қаржы бөлінген.
Бағдарлама аясында Новая Шульба ауылының, Камышенка ауылындағы Мир көшесінің жолдары жөнделеді. «Семей Жолдары» ЖШС мердігер ретінде анықталды.
Сондай-ақ футбол алаңдарын салу да жоспарда бар. Камышенка ауылындағы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған футбол алаңы бүгінде пайдалануға берілді. Ал Жерновка ауылындағы кешенді футбол алаңы мен хоккей кортын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Новая Шульба ауылындағы футбол алаңын абаттандыру жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Ивановка ауылында воркаут алаңын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, жақында тұрғындар жаңа алаңда жаттығатын болады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жылу желілерін жаңарту жұмыстары да қолға алынды. Новая Шульба ауылында жылу желілерін салу жобасы екі жылға жоспарланған, осы ауылдағы блокты-модульдік қазандықтың құрылысы да 2025 жылы аяқталмақ.