Жақында аудан әкімдігінің кіші залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ержан Айқымбеков пен Абай облыстың Әдеп жөніндегі уәкілі Еркін Смағұловтың мемлекеттік қызметкерлермен кездесуі өтті. Кездесудің мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және мемлекеттік қызметшінің қызметтік этика нормаларының сақталуына профилактикалық бақылауды жүзеге асыру.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ержан Айқымбеков мемлекеттік қызметкерлерге қатысты кодекстің мақсат-міндеттерін, оларға қойылатын талаптарды, мінез-құлықтың жалпы стандарттарын, қарым-қатынас нормаларын, іскерлік киімнің үлгісін, қызметтен тыс өзін-өзі ұстау тәртіптерін кеңінен әңгімелеп берді. Аталған нормалар жайында облыс әкімінің Әдеп жөніндегі уәкілі Еркін Смағұлов та ой бөлісіп, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын қатаң түрде сақтау керегін айтты. Ол: «Мемлекеттік қызметкерге қойылған талаптар өте қиын. Оларды орындау және қатаң түрде сақтау – біздің тікелей міндетіміз. Жасыратын несі бар, кейбір талаптар өкінішке қарай, өз деңгейінде орындалмай жатады. Олардың көбісі қызметтен тыс уақытта орын алуда», дей келе, бірнеше талапқа тоқталып өтті. Мәселен, жұмыс барысынан тыс уақытта мемлекеттік көлікті дұрыс пайдалану немесе оны мас күйінде басқармау, әлеуметтік желіні жиі қолданушыларға сыпайы, нақты дәлелдермен жауап қайтару, той-томалақта өзін-өзін дұрыс ұстау, әлеуметтік желіні сапалы әрі дұрыс қолдану керектігін айтты. Еркін Смағұлов тіпті телефонмен сөйлесу барысында да байыпты жауап қайтара білудің өзі аса маңызды екенін түсіндірді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің заманауи талаптарға сай болуын, әркім өзінің мамандандырылған заңдарын біліп, халыққа дұрыс түсіндіруі керектігін ескертті.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметкерлер тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап қайтарылып, әртүрлі кеңестер берілді.
Ербол Темирбулатов