Бүгінде еліміздегі теміржол саласы бойынша станция бастығы қызметін атқаратын нәзік жандылар қатары тым сирек. Әйтседе, Абай облысында кілең әйелдер қауымы қызмет атқаратын, басшысы да әйел адам саналатын бірегей станция бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Атап айтсақ, Қазақстан-Ресей шекарасының дәл түбінде тұрған, 110 жылдан асатын бай тарихы бар Ауыл станциясының басшысы Қарлығаш Райымханова туралы сөз қозғамақпыз.
Бүгінде Бородулиха ауданына қарасты Ауыл станциясында кіл әйелдер қауымы жұмыс істейді. Атауы да айрықша Ауылдың Семей теміржолы бөлімшесінің өзге станцияларынан басты ерекшелігі сол. Ал, осы қызметке 2016 жылы тағайындалған Қарлығаш Мазанқызы — Аягөз өңірінің тумасы. Ең алғаш шалғайдағы осынау станцияға билет кассирі болып орналасыпты. Көп ұзамай тауар кассасында еңбек етуге көшеді. Станциядағы қызметі осылайша жалғастық тауып, мұндағы теміржол саласының барлық сатыларынан өтіпті. Басшылыққа осы станциядағы станция кезекшісі қызметінен ауысып келді. Қазіргі күні кіл қыз-келіншектер қауымынан тұратын үлкен ұжымның абыройлы да білікті басшысы.
Сонау Аягөзден шалғайдағы осы станцияға жұбайымен қол ұстасып бірге келіп қоныстанғалы бері талай жыл өтіпті. Сондықтан ауыл Қарлығаш үшін кір жуып, кіндік кескен жерінен еш кем емес. Жолдасы Руслан жолшы, ал қызы Манар станция кезекшісі, қысқасы, бәрінің илегені бір терінің пұшпағы.
— Ауыл станциясының жұмысы жеңіл емес. Шекаралық аймақ болғандықтан мұнда төлқұжат режимі бар. Тәртіп қатаң. Жолаушылар пойызы 1,5 сағат аял жасап, толық тексерілуден өтеді. Жүк пойыздары да қатаң күзетіледі. Аграрлы аудан саналатын Бородулиха өңірінің барша шаруалары астықтарын бізге сеніп тапсырады. Пойызға жүк тиеу ауқымы жыл сайын артуда. Тек әйелдер еңбек ететін ұжым болсақ та осы кезеңге дейін бірде-бір рет сөгіс алып көрген жоқпыз, қазмет барысында ақау да орын алмады, — дейді Қарлығаш Мазанқызы.
Өзге өңірлердегі әріптестері әзілдеп «әйелдер патшалығы» деп атайтын Ауыл станциясының ұжымы 8 наурыз күнгі төл мерекелерін жылдағы дағдыға сай ауыл дәмханасында атап өтуге той көйлектерін дайындауда. Бір мезгіл формаларын шешіп, қызыл-жасыл көйлек киіп, алқа-білезіктерін тағып, опа-далаптарын жағып дегендей, өздерін бір сәт әлсіз де әдемі әйел сезінуді қай нәзік жан қаламас дейсіз.
Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ