Бүгінгі өмірде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында бейнекамералар айтарлықтай мәнге ие. Заманның қырағы көз құралына айналған бақылау камераларын орнату жөнінен, өкінішке орай, Бородулиха ауданы кенже қалып келеді. Дегенмен, олқылықтың орнын толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Биыл бұл мәселені шешу үшін аудандық бюджеттен қаражат бөлеміз. Атап айтқанда, Бородулиха ауылдық округінде 48 бейнекамера орнатылады. Олар аудан орталығының бүкіл аумағы бойынша орналастырылады, әсіресе адамдар көп жиналатын орындарға назар аударылатын болады.
Бейнебақылау жүйесі қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге, қылмыстардың ашылуын арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға көмектесетініне сенімдімін.
Ашықтық пен тиімділік — біздің негізгі басымдықтарымыз. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен амандығы — біздің басты міндетіміз! — деді аудан басшысы Айдар Ибраев.
Аудан басшысының айтуынша, қазіргі таңда жобаның техникалық құжаттамасы әзірленуде.
Айкөркем Мақыш,
«Жаңа уақыт»