Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімдігінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Абай облысының Құрметті азаматы» атағын беру рәсімі өтті. Шараға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Шалқар Байбеков, халық қалаулылары қатысты.
Облыс әкімі жанындағы «Абай облысының құрметті азаматы атағына ұсынылатын тұлғалардың құжаттарын қарастыру жөніндегі арнайы комиссия қаралымына барлығы 22 өтініш түскен. Комиссия ұсынылған құжаттарды қарай келе, атаққа 5 адам лайықты деп шешіпті. Былтыр елеусіз қалған тұлғалардың көп болуына байланысты 10 адамға берілген болатын.
-Бүгін біз, екінші мәрте, өңірдің ең жоғары наградасы – «Абай облысының құрметті азаматы» атағын табыстау үшін бас қосып отырмыз.
Бұл – елге адал қызмет жасап, құрметіне бөленген, халықтың алғысы мен батасын алған жерлестерімізге арналған мәртебелі атақ. Әрқайсысы, өңірге, елге танымал.
Тіпті шетелдіктер жақсы танитын жерлесіміз де бар. Сондықтан барлығы құрметке лайық деп санаймыз,- деген облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев абыройлы қызметімен елге танылған азаматтарға «Абай облысының Құрметті азаматы» атағының куәлігі мен төсбелгісін табыстады.
Құрметті атаққа Жарма ауданының тумасы – әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Қуанышқызы Рымбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Арап Сләмұлы Еспенбетов, саясаткер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымының депутаты, «Samruk-Kazyna Construction»АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Александр Александрович Милютин, Бородулиха ауданындағы «Е.Зайтенов» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Әмірбекұлы Зайтенов, «Вестник», «Адам. Энергия. Атом» журналдарының бас редакторы, ҚР Ұлттық ядролық орталығының төрағасы Эрлан Ғаділетұлы Батырбеков ие болды.
Ерлан Әмірбекұлы 1973 жылдан бастап Бородулиха ауданындағы «Заветы Ильич» ұжымшарына мүше болып, еңбек қорғау жөніндегі инженерден бастап, ұжымшар басқармасының төрағасы қызметіне дейін көтерілген. 1996 жылы «Заветы Ильича» ұжымшары реформаланып, оның негізінде «Асыл» серіктестігі құрылып, ол таратылғанға дейін басшылық етті. 2001 жылдың наурызынан бастап «Е.Зайтенов» шаруа қожалығын құрып, аграрлық секторды дамытуға үлес қосып келеді.
Бүгінде қожалық иелігінде 8,5 мың гектар жер, 1 мың бас мал бар. Ет-сүт бағытында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Май цехында сұйық май, диірменде ұн тартып, наубайханада нан-тоқаш өнімдерін пісіреді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үслес қосып келе жатқан жерлесімізді лайықты марапатымен құттықтаймыз!
Ай-Көркем Мақыш
«Жаңа уақыт»