Түркістан облысында Абай облысы Еңбек мобильділігі орталығының және Мансап орталықтарының өкілдері мен жұмыс берушілердің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкелері өтті.
500-ден аса тұрғынды қамтыған Жетісай мен Мақтаарал мекендеріндегі жәрмеңкеге Бородулиха ауданының делегациясы да қатысты.
Жәрмеңке аясында Түркістан облысының азаматтарына Абай облысынан бос жұмыс орындары ұсынылып, көші-қон мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар қоныс аудару барысында көрсетілерін көмек туралы айтылды. Абай облысының делегациясы тұрғындарды өз облысына қоныс аударуға шақырды.
Абай облысында қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары – тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету – жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттен бөлек, жергілікті кәсіпкерлер де жаңа қоныс аударушыларға қолдау көрсетіп, олардың тез бейімделуіне өз үлестерін қосуда.
Былтыр Түркістан облысынан өңірімізге 10 отбасы немесе 32 адам қоныс аударған еді.
Биыл да облысымызға «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару» қағидасы аясында жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асуда.
Бұл бастама – өңіраралық еңбек ресурстарын теңестіру және ел ішіндегі демографиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жүргізілуде.
«ЖУ» — ақпарат