Бородулиха ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Іс-шараға аудан әкімі әріптестерімен бірге қатысып, Бородулиха ауылына кіреберістегі қарағайлы орман алқабын қоқыстан тазартты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Таза Қазақстан» акциясы – бұл бір реттік шара емес. Барлық өңірлерде көгалдандыру мен аумақтарды тазалауға тұрақты түрде көңіл бөлуіміз қажет», – деп атап өткен болатын.
Осыған орай аудан әкімі де туған жердің әрбір бөлігі таза болуы үшін әр азаматтың үлесі маңызды екенін атап өтіп, сенбілікке белсене қатысқан тұрғындарға ризашылығын білдірді.
– «Әрқайсымыз осы іске үлес қоса аламыз. Ауыл-аймақтарда үнемі тазалық жұмыстарына белсене араласып жүрген жандарға алғыс айтамын. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Бірақ бір нәрсені естен шығармауымыз керек, тазалық – бір күндік іс емес. Ол – тұрып жатқан үйімізге, туған ауылымызға, қоршаған ортамызға деген құрметтің көрінісі. Сондықтан айналамыздағы қоқысқа бейжай қарамай, табиғатымызды таза ұстауға барлығымыз бірдей үлес қосайық. Тазалық – тек билік өкілдерінің ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді ол.
Бұл сенбілікке ауыл тұрғындары, жастар мен еңбек ұжымдары да белсене қатысып, табиғатты қорғау ісіне өз үлестерін қосты.
Ш.АСАНҚЫЗЫ,
«Жаңа уақыт»