Аудан әкімі Айдар Ибраевтың төрағалығымен Бородулиха ауданы әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Отырыста өңірдің дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Аудан басшысы жиынға қатысушыларға Бородулиха ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының міндетін атқарушы Ержан Құсайыновты таныстырды.
Содан кейін күн тәртібіне сәйкес «Аймақтық жұмыспен қамту картасы» ұлттық жобасы аясында жұмыс орындарын құру мониторингі бойынша есеп қаралды. Сондай-ақ Бородулиха ауданының 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын талқылап, екінші жартыжылдықтың міндеттері белгіленді.
Аудандық бюджеттің атқарылуы және республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген нысаналы трансферттер мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жиында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы мәселе қаралды. Аудан әкімі қыста аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасау маңызды екенін баса айтты.
Өз тілшіміз