Петропавл және Зубаир ауылдық округтерінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараны аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп өткізді.
Жәрмеңкеге 12 жұмыссыз азамат пен 5 жұмыс беруші қатысты. Қатысушыларға аудан аумағындағы өзекті бос жұмыс орындары ұсынылып, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар жөнінде кеңестер берілді. Сонымен қатар, азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары түсіндіріліп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы еңбекке орналасу мүмкіндіктері таныстырылды.
Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей сұхбаттасу мүмкіндігі болды. Бұл өз кезегінде жұмыс іздеп жүргендерге нақты сұрақтарын қойып, талаптарымен танысуға жағдай жасаса, жұмыс берушілер үшін қажетті кадрларды таңдауға жол ашты.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, жастар мен орта жастағы азаматтарды еңбекке тартуға ықпал етеді. Жәрмеңкеге қатысқан тұрғындар ұсынылған ақпараттың пайдалы болғанын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Аудандық жұмыспен қамту орталығы алдағы уақытта да ауылдық округтерде осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл – әрбір азаматтың еңбекке араласып, өз әлеуетін жүзеге асыруына берілетін нақты мүмкіндік.
Бородулиха ауданы Мансап орталығы