Аудан әкімі Айдар Ибраев ауылдық округтерді аралау аясында денсаулық сақтау нысандарына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында әкім Петропавловка және Новопокровка ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстарын, Белағаш ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің жаңғыртылуын және Зенковка ауылындағы амбулаторияның құрылымдық элементтері мен инженерлік желілеріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеуді көзбен көріп қайтты.
Медициналық көмектің сапалы әрі қолжетімді болуы тек аудан орталығында ғана емес, әр ауылда қамтамасыз етілуі тиіс. Медициналық мекемелерде заманауи әрі қолайлы жағдай жасау – бұл тек пациенттерге жайлылық сыйлау ғана емес, сонымен қатар медицина қызметкерлеріне деген қамқорлықтың белгісі.
Нысандарда мердігер ұйымдармен кездесулер өткізіліп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзімдері талқыланды. Барлық жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігі тұрақты бақылауды жалғастыратын болады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ