2025 жылғы 30 қыркүйекте Бородулиха ауданының Мансап орталығында жұмыс берушілердің қатысуымен маңызды кездесу өтті. Басқосуда аудан кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ еңбек саласының мамандары еңбек нарығына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында еңбек нарығын дамытудағы соңғы жаңалықтар мен субсидияланатын жұмыс орындарына қатысты жаңа ережелер түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары аясында аудандағы жұмыссыз азаматтарға қосымша мүмкіндіктер жасалуда.
Сонымен қатар, кәсіби оқыту бағытындағы жаңашылдықтарға ерекше назар аударылды. Жаңа бағдарламалар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлаудан өтуге жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және жергілікті кадрлық әлеуетті арттыруға ықпал етеді.
Кездесу барысында орталық мамандары Enbek.kz және HR.Enbek электронды платформаларының жұмысын түсіндіріп, қатысушыларға тәжірибелік түрде көрсетіп берді. Бұл сайттар арқылы бос жұмыс орындарын іздеуге, түйіндеме орналастыруға және онлайн оқыту курстарынан өтуге болады.
Әсіресе жұмыс берушілер үшін HR.Enbek платформасы ыңғайлы құрал болып отыр. Ол арқылы жаңа қызметкерлерді іздеуді жеңілдетіп, жұмысқа қабылдау үдерісін барынша жеделдетуге мүмкіндік бар.
Мансап орталығы өкілдерінің айтуынша, биылғы жылы аудан бойынша жүздеген азамат жаңа жұмысқа орналасқан. Оның ішінде жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар және субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілгендер бар. Жаңа ережелер енгізілген соң бұл көрсеткіштер одан әрі өсе түседі деп күтілуде.
— Жұмыс берушілермен осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұру еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты нақты білуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, біз еңбек ресурстарын тиімді пайдаланып, халықтың жұмыспен қамтылуына жағдай жасауға мүдделіміз, – деді Мансап орталығының мамандары.
Кездесу соңында жұмыс берушілер қойылған сұрақтарына жауап алып, еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер бойынша жан-жақты ақпаратқа қанықты. Аудандық Мансап орталығы алдағы уақытта да еңбек нарығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған шараларды жалғастыра бермек.
Бородулиха ауданы
Мансап орталығы