Семей қаласында республикалық «Жұлдыз болғым келеді» вокалдық байқауының іріктеу кезеңі өтті. Бұл өнер додасы – жас дарындарға шығармашылық қабілеттерін шыңдап, үлкен сахнаға жолдама алуға берілген тамаша мүмкіндік.
Іріктеу кезеңіне қала мен өңірдегі балалар үйі мен орталықтардың тәрбиеленушілері қатысты. Әнге деген құштарлықтары мен табиғи дарынын паш еткен өнерпаздар көрермен мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді.
Бородулиха ауданынан қатысқан балалар ерекше көзге түсті. Балаларға қолдау көрсету орталығының тәрбиеленушілері сахнаға зор дайындықпен шығып, жоғары деңгейдегі вокалдық шеберлігін көрсетті.
Сертификаттармен Першина Анастасия мен Садыкова Гүлім марапатталды.
І орынға ие болған – Рунде Олеся, сондай-ақ дуэт орындаған Першина Анастасия
мен Черепанова Евгения.
ІІ орын жүлдегері атанған – Черепанова Евгения.
Бұл жетістіктер – ауданымыздың жас өнерпаздарының еңбегінің, ұстаздары мен тәлімгерлерінің қолдауының жемісі. Балалардың әрбір қадамы – үлкен болашаққа бастайтын сенімді қадам.
Келесі, шешуші республикалық кезең осы жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өтпек. Бұл додада жеңімпаздар еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік орындаушылармен бақ сынасады.
Жас таланттарға сәттілік, шабыт және жаңа биіктерді бағындыруды тілейміз!
В. АСОВБАЕВА