Бүгінгі білім беру саласында жаңашыл, кәсіби деңгейі жоғары ұстаздардың орны ерекше. Солардың бірі – Абай облысы, Бородулиха ауданы, Жезкент мектеп-лицейінде еңбек ететін Елюбаева Наталья Геннадиевна.
Наталья Геннадиевна 1980 жылдың 14 желтоқсанында бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Ұлты – орыс, ана тілі – орыс тілі болғанымен, қазақ тілін еркін меңгеріп, оны кәсіби қызметінде белсенді қолданады.
Наталья Геннадиевна 2017 жылы Аягөз ауданындағы Ақшәулі орта мектебін тәмамдаған. 2002–2008 жылдары М.О.Әуезов атындағы Семей университетінде жоғары білім алып, «Информатика» мамандығы бойынша біліктілікке ие болды. Қазіргі уақытта Жезкент кентінің мектеп-лицейінде информатика пәнінің мұғалімі және оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарады. Педагог-зерттеуші санатындағы ұстаз өз ісінің шебері және үнемі кәсіби дамуға ұмтылады.
Наталья Геннадиевна сабақ беру процесінде ұлттық құндылықтарды, қазақ халқының салт-дәстүрлерін оқушыларға танытуға ерекше мән береді. Бұл жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға және мәдени мұраға деген құрметін арттыруға бағытталған тиімді тәсіл.
Оның еңбегі бірнеше мәрте республикалық және облыстық деңгейдегі марапаттармен бағаланды: 2021 жылы – ҚР Білім және ғылым министрі Е.Аймағамбетовтің құрмет грамотасы; 2023 жылы – Абай облысының білім басқармасының алғыс хаты; 2024 жылы – ҚР Білім және ғылым министрі Ғ.Бейсембаевтің алғыс хаты.
Кәсіби байқауларда да жетістіктері айтарлықтай: 2022 жылы – «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы ұйымдастырған бейнесабақтар байқауының облыстық кезеңінде 3 орын; 2024 жылы – халықаралық қатысумен өткен «Ғылым мен білім: жастардың қазіргі көзқарасы» облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясында 1 орын; 2024 жылы – «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауының облыстық кезеңінде 2 орын, республикалық кезеңінде 3 орын; 2024 жылы – облыстық «Үздік ауыл мұғалімі» байқауында 1 орын; 2025 жылы – «Үздік педагог» байқауының аудан және облыстық кезеңінің жүлдегері.
Наталья Геннадиевна отбасылы, жұбайы – Елюбаев Қанат Амангелдіұлы әріптесі және адал жары. Үлгілі отбасы Асанәлі мен Нұралы атты екі ұлды тәрбиелеп отыр, екеуі де болашағынан үміт күттіретін студенттер.
Наталья Геннадиевна – үлкен жүректі және жоғары кәсіби тәжірибесі бар ұстаз. Ол өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігі арқылы ауыл мектебінде сапалы білім беруге болатынын дәлелдеген педагог. Көпұлтты ұжымның бір мүшесі ретінде қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды терең құрметтей отырып, әріптестері мен оқушылары үшін үлгі тұтар тұлға болып табылады.
Жезкент
мектеп-лицейі ұжымы