Абай облысы көлемінде еңбекқорлық пен кәсібилікті дәріптеуге арналған «Еңбек жолы – 2025» атты дәстүрлі байқау жоғары деңгейде өтті. Бұл сайыстың негізгі мақсаты – түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген білікті мамандарды анықтап, жастарға өнеге боларлық тұлғаларды насихаттау.
Аталмыш байқауға қатысқан Жезкент кентінің мектеп-лицейі ұжымы зор жетістікке қол жеткізді. Ұстаздардың қажырлы еңбегі мен шәкірт тәрбиесіндегі табандылығы көпшілікке үлгі болды.
Мектептің бастауыш сынып мұғалімі Батибаева Маржан Бейсенғалиевна «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясына ие болды. Ол – бірнеше жылдан бері шәкірт жүрегіне білім мен тәрбие нәрін сіңіріп келе жатқан тәжірибелі маман. Жас буынға бағыт-бағдар беріп, олардың алға ұмтылуына ықпал етіп жүрген ұстаз еңбегінің еленуі – заңды құбылыс.
Ал жас маман Есенжол Сымбат Бақытқызы өзінің ізденісі мен жаңашылдығының арқасында «Өндірістің үздік жас маманы» атанды. Ол – болашағынан үлкен үміт күттіретін жас педагог. Әр сабағында оқушылардың қызығушылығын оятып, білім алуға деген ынтасын арттырып жүрген Сымбат Бақытқызының жетістігі – жастардың жігерлі әрі еңбекқор екенін дәлелдейді.
Жеңімпаздарға Абай облысының әкімі Берік Уәлидің атынан алғыс хат табысталды. Бұл марапат – ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен еңбегінің жоғары бағаланғанының айғағы.
Мектеп-лицей ұжымы үшін бұл жеңіс – үлкен мәртебе. Әріптестерін шын жүректен құттықтаған ұжым өкілдері:
— «Ұстаздардың табысы – біздің ортақ қуанышымыз. Бұл жетістіктер жас мамандарға серпін беріп, келер ұрпаққа өнеге болады» – деп пікір білдірді.
Иә, «Еңбек жолы – 2025» байқауындағы жеңіс – тек жекелеген ұстаздардың емес, жалпы білім беру саласының беделін көтеретін зор жетістік. Ол жас ұрпаққа: еңбек етсең, ізденсең, табысқа жетесің деген сенім ұялатады.
А.АБДУЛИНА