Қазақ тарихында құралайды көзге атқан мергендер аз болмаған. Кезінде жаудан қорғану мен аң аулауда қолданылған садақ ату бүгінде ұлттық құндылық пен денсаулықты ұштастырған спорт түріне айналып отыр. Бұл спортқа қызығушылық танытып, тұрақты айналысатын жастардың қатары да артуда.
Бородулиха ауданы Жезкент қаласында садақ ату спорты ерекше қарқынмен дамып келеді. Бұл спорт адамның қырағылығын арттырып, дене сымбатын қалыптастырады, жүйкені шынықтырып, төзімділікке тәрбиелейді. Әсіресе балалар үшін зейінді арттырып, көру қабілетін жақсартуға септігін тигізеді, сондай-ақ IT құрылғыларына тәуелділікті азайтуға көмектеседі.
Жезкент мергендер клубы 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның негізін қалаушы әрі жаттықтырушысы – Тлеген Асқарұлы Сұлтанов. Қазіргі таңда клубта жасы 8-ден бастап 41-ге дейінгі спортшылар дайындалуда. Жалпы 11 бала және бірнеше ересек мерген бар. Балаларға жаттығулар аптасына үш рет өтсе, ересектер өз мүмкіндігіне қарай дайындалады.
Жаттықтырушы Тлеген Асқарұлы өз сөзінде былай дейді:
— «Садақ ату – ата-бабамыздан қалған асыл мұра әрі денсаулыққа пайдалы спорт түрі. Ұлттық өнерге деген жанашырлық мені осы спортқа жетеледі. Маған садақ ату тәсілін үйреткен – Дулат Құрметұлы Ксатай. Ең алғаш «Пищевик» стадионында садақ атуды көрген сәтте-ақ қызығушылығым оянды. Сол күннен бастап бұл спортқа жақын тартып, өзім де үйренуге ден қойдым. Уақыт өте келе садақ атуға деген құлшынысым артып, Жезкенттен чемпиондар тәрбиелеуді басты мақсатым еттім», – дейді ол.
Жас мергендер қазірдің өзінде жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. 2024 жылы Диас Назарбеков пен Айсұлтан Нұртаев спорт шеберлігіне кандидат атанса, 2025 жылы Аружан Рахимжанова Қазақстан чемпионы болды. Бұл – Абай облысының абыройын асқақтатқан жетістік.
Сондай-ақ, биылғы 17–18 қыркүйекте өткен VIII «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарында жезкенттік мергендер үлкен жеңіске жетті. Әйелдер арасында Кундыз Канапиянова 50 метрлік қашықтықта І орын иеленсе, ерлер арасында Азамат Егибаев ІІ орынға, Тлеген Сұлтанов V орынға, Дархан Балпанов Vl орынға қол жеткізді.
Дегенмен, клубтың алдында әлі де шешімін күтетін мәселелер бар. Жаттығу орны небары 30 шаршы метрді ғана құрайды, құрал-жабдықтар да жеткіліксіз. Ата-аналар садақ пен оқты өз қаражаттарына сатып алады. Соған қарамастан, демеушілердің қолдауының арқасында көптеген жарыстарға қатысып, табысқа жетіп отыр.
— «Мергендер клубы аудан көлемінде тек Жезкентте ғана жұмыс істейді. Балалардың үйренуге деген құлшынысы ерекше, олар әр жаттығуға қызығушылықпен қатысады. Ата-аналар да бұл бастаманы қуаттап, балаларының ұлттық спортқа бет бұруына қолдау көрсетуде. Егер садақ ату секілді спорт түрі кеңірек дамытылып, өзге ауылдарда да клубтар ашылса, аудан көлемінде шынайы бәсекелестік орта қалыптасып, талай талантты жас мергендер түлеп шығар еді», – дейді Тілеген Асқарұлы.
Жаттықтырушы өз сөзінде, аудандық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясының өкілі Меиз Токановна Сиюндыковаға тұрақты қолдауы үшін, сондай-ақ, 30 шаршы метрлік спортзал беріп, талай жарыстарға қатысуға, жеңістерге жетуге мүмкіндік жасаған Андрей Негодяевқа ерекше алғыс білдірді.
Дәстүрлі садақ ату – қазақ халқының рухани құндылығы мен ұлттық кодының бір бөлігі. Осы құндылықты жаңғыртып жүрген Жезкент мергендерінің жеңістері тек ауданның ғана емес, бүкіл Абай облысының мәртебесін асқақтатқан үлкен табыс.
Жеңістеріңіз құтты болсын! Бұл табыс жаңа жетістіктерге жетуге шабыт берсін!
Ш. ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»