Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, ел Конституциясының 30 жылдығына орай Семей қаласында тұңғыш рет ардагер ұстаздар арасында спартакиада өтті. Спартакиадаға Бородулиха ауданының ардагер педагогтері белсенді қатысты.
Шараны Абай облысы білім қызметкерлерінің ардагерлер кеңесі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Салтанатты ашылу рәсімінде Абай облысының білім қызметкерлерінің ардагерлер кеңесінің төрайымы Мәдениет Ахметова сөз сөйлеп, ардагер ұстаздар әрдайым қоғам өміріне араласып, белсенділік танытып жүргенін айтты. Аймағымызда тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл спартакиаданы дәстүрге айналдыру жоспары бар екенін де жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спартакиада тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, теннис сынды 4 спорт түрінен ұйымдастырылды. Бородулиха ауданынан аталмыш жарысқа қатысқан білім саласының ардагерлері Владимир Ульянов (Н.Островский ОМ) пен Вера Занина (Шелехова ОМ) шахматтан ІІІ орын алса, Ляйля Омарова (Белағаш ОМ) теннистен ІІ орын, Гүлжан Бақтыбаева (Камышенка ОМ) дойбыдан ІІІ орын алды.
Шараның басты мақсаты – ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту.
— Қай заманда болсын аға ұрпақ өкілдері жастардың тәлім-тәрбиесіне ықпал еткен. Спортты насихаттап қана қоймай, өзіміз де сайысқа түсіп, белсенділік танытып жатырмыз. Аймағымыздағы ардагерлердің басын қосып, осы шараны өткізіп отырған ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Өзге аудандардан келген әріптестерімізбен жүздесіп, жаңа таныстар тауып, көңіл-күйіміз көтеріліп қалды,- деді Гүлжан Мамашқызы.
Жерлестерімізді жеңісімен құттықтап, спартакиадаға аудан командасын бастап барған Бородулиха аудандық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрайымы Рысалды Тютеноваға алғыс айтамыз.
Өз тілшіміз