Абай облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Түсіпбекұлы Бейсенбаев жұмыс сапарымен Бородулиха ауданына келді.
Сапар барысында ол аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметімен танысып, жастарға көрсетіліп отырған қолдау шаралары мен іске асырылып жатқан жобалардың барысына назар аударды. Жастар орталығының жұмысы өңірдегі белсенді жастардың басын қосып, олардың қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруда маңызды алаң болып отырғаны атап өтілді.
Олжас Түсіпбекұлы аудан жастарының өкілдерімен кездесіп, ашық пікір алмасты. Кездесу барысында жастар саясатының өзекті мәселелері сөз болып, жас буынның ұсыныстары тыңдалды. Басқарма басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауының негізгі ережелерін кеңінен түсіндірді. Ол өз сөзінде жасанды интеллект пен цифрландырудың қарқынды енгізілуі ел үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
— «Бұл бағытта біз алғашқы қадамды дер кезінде жасауымыз қажет», — деді ол.
Сапар аясында аудан әкімі Айдар Ибраевпен бірге «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көшет отырғызу жұмыстарына қатысты. Табиғатты қорғау және жасыл желекті арттыру шараларының маңызы ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, басқарма басшысы аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қызметімен танысып, жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына жасалған жағдайларды көрді.
Бұл сапар аудан жастарының қоғамдағы рөлін нығайтып, олардың рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қолдаулардың бар екенін көрсетті. Жастар саясатының өркендеуі – ел ертеңінің кепілі екені тағы да айқындалды.
Өз тілшіміз