Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ел дамуының негізгі басымдықтарын белгілеп берді. Әсіресе, білім беру саласына қатысты бастамалар – болашаққа берік іргетас болмақ.
Мемлекет басшысы оқушыларға жасанды интеллект негіздерін мектеп қабырғасынан бастап оқыту қажеттігін атап өтті. Бұл – жаһандық еңбек нарығының жаңа талабына сай шешім. Арнайы оқу бағдарламалары мен құралдары әзірленсе, жас ұрпақ жаңа дәуірге дайын болады. Мұғалімдердің де цифрлық технологияны меңгеруі – басты шарт.
Ауылдағы шағын жинақты мектептер үшін «Qazaq Digital Mektebi» үлгісі енгізіледі. Бұл бастама қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтып, шалғайдағы балаға да тең мүмкіндік береді.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүздеген жаңа мектеп бой көтеруде. Қазірдің өзінде 150 мектеп пайдалануға берілді. Абай облысында да бес жаңа білім ордасының үшеуі оқушыларды қабылдай бастады. Бұл – аймақтың әлеуметтік дамуына тың серпін.
Жолдауда жастардың көзқарасына ерекше назар аударылды. Бүгінгі жас үшін патриотизм – ұран емес, нақты әрекет. Елді сүю – халыққа пайдасы тиетін іс бастау, жаңалық ашу. Бұл – жаңа ойлайтын, жауапкершілік сезінетін буынның белгісі.
Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету, кәсіби шеберлердің мәртебесін көтеру – мемлекет саясатының басым бағыты. Нағыз патриотизмнің өлшемі де – адал еңбек.
«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан» деген хакім Абайдың нақылы Жолдаудағы ойлармен үндес. Президент те өркениетті елдің азаматы саналы әрі белсенді болуы қажет екенін атап өтті.
Жаңа буын – жасанды интеллектіні меңгерген шәкірт, ауыл баласы – цифрлық мектептен тең мүмкіндік алған оқушы, «Келешек мектептерінде» білім алған ұрпақ және еңбегі бағаланған жұмысшы – барлығы бірігіп, Қазақстанның жарқын болашағын құрайды.