Бакинск ауылдық округіндегі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы жасөспірімдерді тәртіпке, жауапкершілікке және Отанға қызмет етуге баулып келеді. Клубты бастапқы әскери даярлық пәнінің тәжірибелі мұғалімі С.Алинов басқарады.
Ұстаздың айтуынша, клубтың міндеті – елінің тарихын құрметтейтін, ерлік дәстүрін бағалайтын, Отан қорғауға дайын ұрпақ тәрбиелеу. Жас сарбаздар жыл сайын Мәңгілік алау алдындағы Вахтаға қатысады, ардагерлермен кездеседі, жерлестердің ерлік жолы туралы материалдар жинайды.
Ауған соғысында қаза тапқан Сергей Морозкинге арналған ескерткіш орнатылуы, ардагерлер қаруластарына қойған мемориалдық тақталар жас буын үшін тарихтың тірі сабағына айналды.
Клуб мүшелері аудандық ату жарыстарына тұрақты қатысып, көктемгі әскери-далалық жиындарда тәжірибе жинақтайды. Биылғы оқу-жаттығуларға Алан және Аман Кубаевтар, Арнұр Шушаев, сондай-ақ үздік курсант Аманқожа Әлиимран қатысты.
Жыл бойы саптық дайындық, спорт және туристік жаттығулар өткізіліп, шекара қызметі бөлімдері қолдау көрсетеді. Мектепте өлкетану бағытындағы жұмыстар да белсенді. Тарих пәнінің мұғалімі С. Қалиева оқушыларға ата-баба ерлігі туралы тағылымды деректер ұсынады. Бейнелеу өнері мұғалімі Юрий Горяев тың игерушілер мен еңбеккерлер жайлы кітап шығарып, ауыл тарихын насихаттайды.
Дене шынықтыру мұғалімдері А. Саякин мен А. Батюков жасөспірімдерге табиғат пен экология туралы танымдық сабақтар өткізеді.
Мектепте «Соғыс балалары», «Спорттық туризм» үйірмелері, түрлі викториналар мен ерлік сабақтары ұйымдастырылып отырады.
Клуб тәрбиеленушілерінің бірқатары әскери жолды таңдаған. Мысалы, Д. Клюшев – Алматыдағы ҰҚК академиясының курсанты, Қ. Сатыбалдинов – Ұлттық ұланда қызмет атқарып жүр.
«Жас сарбаз» – тек үйірме емес, жасөспірімдерді елжандылыққа, қайсарлыққа тәрбиелейтін маңызды орталық. Ертеңгі Отан қорғаушылардың рухы дәл осындай ұжымда қалыптасады.
Өз тілшіміз

