Абай облысы Жастар шығармашылық сарайының 2025 жылға арналған жоспары аясында қараша айының 21–22 күндері Семей қаласындағы «Тарлан» спорт кешенінде Тәуелсіздік күніне арналған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілік жоғары деңгейде өтті.
Жарысқа 2011–2012, 2013–2014 және 2015–2016 жылғы жас спортшылар қатысты. Турнирде Курчатов қаласы, Көкпекті ауданы, Өскемен қаласы, Жезкент кенті, Семей қаласының №12, №17, №44, №47 мектептері, сондай-ақ Водный кенті, Талица ауылы және Бородулиха ауданының «BATYR» спорттық-патриоттық клубының тәрбиеленушілері өзара бақ сынады.
Бәсекесі жоғары өткен додада «BATYR» клубының жас дзюдошылары үздік дайындықтарын көрсетіп, жүлделі орындардан көріне білді. Олардың техникасы, табандылығы мен жеңіске деген жігері жарыс көрермендерінің де жоғары бағасына ие болды. Бұл аудан жастары арасында спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер: Құмаров Арнұр – 46 кг салмақ дәрежесі, I орын; Құмаров Ернұр – 46 кг салмақ дәрежесі, III орын; Кенжеғали Батырхан – 32 кг салмақ дәрежесі, II орын; Жоламанов Манат – 50 кг салмақ дәрежесі, II орын; Жеңісов Омар – 50 кг салмақ дәрежесі, III орын иеленді.
Жарыс барысында ерекше көзге түскен спортшылар арнайы номинациялармен марапатталды. Ал жас дзюдошылардың бапкері Қуаныш Кенжеғалиевич Байболовқа «Жеңімпазды дайындағаны үшін» грамотасы табысталды. Бапкердің жүйелі жұмысы мен тәрбиеленушілеріне көрсеткен қолдауы бұл нәтижелерге жетуге үлкен үлес қосты.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Спорттағы жаңа биіктерге жете беріңіздер!
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Жаңа уақыт»

